Нұрсұлтан Назарбаевтың немересі Нұрәли Әлиев «Spark of Light» атты жобаны таныстырып, оның мақсатын адамның ішкі тыныштығы мен үйлесіміне жетелейтін сананы өзгерту деп сипаттады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Жоба туралы мәлімет «Spark of Light» сайтында жарияланған. Онда бастаманың «миссиясы» ретінде адамдарды «толық ішкі өзгеріске, жан тыныштығы мен үйлесімге бағыттау» деген ұстаным көрсетілген.
Сайттағы сипаттамаға сүйенсек, авторлар түрлі кездесулерге қатысуды ұсынады. Ұйымдастырушылардың тұжырымы бойынша, бұл жиындар адамның әлеуетін ашып, қатысушыларды «саналы жандар қауымдастығымен» байланыстырмақ.
Жоба бетінде Нұрәли Әлиевтің жұмысы «адамзаттың 3D-санадан 5D-санаға ғаламдық ауысуымен» сабақтас деп жазылған. Сипаттамада ол «қолдау, құралдар және адамның жаңа деңгейдегі аңғарымына жол ашатын тәжірибе» ұсынатыны айтылады.
«Spark of Light» серіктестері қатарында Mantra Movement және Mantra Dose атты интернет-дүкен көрсетілген. Бұл жобалар психоделиктердің емдік әлеуетін насихаттайды әрі псилоцибин бар өнімдерді сататыны жазылған. Псилоцибиннің галлюциногенді саңырауқұлақтарда кездесетіні де аталады.
Нұрәли Әлиев — қазақстандық кәсіпкер, Нұрсұлтан Назарбаевтың үлкен немересі, Дариға Назарбаева мен Рахат Әлиевтің ұлы. 2025 жылы Forbes оны Қазақстандағы ең дәулетті 75 адамның тізіміне енгізіп, 39-орынға қойған.
Сондай-ақ Нұрәли Әлиев өз парақшасындағы мәртебеде «Arcturian Starseed» деген тіркесті көрсеткен. Ашық дереккөздерде бұл ұғым эзотерикалық және уфологиялық әдебиетте жиі айтылатын Арктур жұлдыз жүйесінен шыққан ойдан шығарылған «ғарыштық нәсілмен» байланыстырылады. Ал «жұлдыз тұқымы» тіркесін жақтаушылар оны ерекше білім мен «көне даналық» дарыған адамдарға қатысты қолданады.
Бұған дейін, 2025 жылдың күзінде Нұрәли Әлиев әкесі Рахат Әлиевтің Қазақстан футболы тарихындағы рөлі туралы пікір білдірген. Ол Рахат Әлиев Қазақстан футбол федерациясын басқарған кезеңде ел Азия конфедерациясынан шығып, УЕФА қатарына өткенін айтқан.
Фото: Spark of Light сайты (скриншот — Нұрәли Әлиевтің инстаграмы)
