Шымкентте құқық қорғау органдары мұнай өңдеу зауытымен байланысты кәсіпорын қызметкерлері мен қала тұрғындары қатысқан жанармай ұрлау схемасын әшкереледі, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Тергеу нұсқасына сай, күдіктілер жанармайды заңсыз шығарып, оны жеке базаларда жасырын сақтаған. Кейін заңсыз отынды әртүрлі арналар арқылы сатып отырған.
Полиция мәліметінше, көлеңкелі айналым көлемі 1 млрд теңгеден асты. Рейд кезінде 17 тонна жанармай-жағармай материалдары, бірнеше автоцистерна және қомақты ақша тәркіленді.
Құқық қорғау органдары қылмыстық топқа қатысы бар деген күдікпен барлық фигуранттарды ұстады. Заң бойынша оларға мүлкін тәркілеумен бірге 10 жылға дейін бас бостандығынан айырылу қаупі төніп тұр.
Сонымен қатар тергеу тобы Шымкент мұнай өңдеу зауытының өз қызметкерлері бұл іске қатысы болуы мүмкін деген нұсқаны да тексеріп жатыр.
Фото: Әлеуметтік желіден
