Фото: pexels.com
Екі жылдан кейін Қазақстандағы ҚТЖ пойыздары мен Air Astana ұшақтарында спутниктік интернет қосылады. Бұл мәліметті Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев Үкімет отырысында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бүгінде елде спутниктік интернет ұсынатын үш оператор бар. Жақын арада нарыққа тағы екі шетелдік компания кіреді. Алғашқы сынақтар 2026 жылы басталады.
Интернетке қол жетімділік әсіресе туристік аймақтар мен шалғай елдімекендерде маңызды. Мұндай жерлерді байланыспен қамту жергілікті бюджет есебінен жүзеге асады.
Сонымен қатар елдегі 40 мың шақырым автожолды мобильді интернетпен қамту жұмысы басталды. Жоспар бойынша бұл жұмыс 2026 жылға дейін аяқталмақ.
Қазір 5G желісі 20 қалада іске қосылған. Алдағы уақытта оның қамту аумағы 75 пайызға дейін ұлғайтылады.
Қазақстанда жалпы саны 6 мыңнан астам ауыл бар. Соның ішінде жартысынан көбі — 3 мың ауыл талшықты-оптикалық байланысқа қосылады. Бұл қадам халықтың 99 пайызына жоғары жылдамдықты байланыс ұсынуға жол ашады.
«Соңғы миль» жобасы аясында 400 мың үйге дейін талшықты желі тартылады. Осы арқылы 2,5 миллионға жуық адам сапалы интернетке қосылады.
