Елімізде кейбір шай құрамынан тыйым салынған заттар табылып, сатылымнан алынып тасталды

Фото: Gov.kz

Денсаулық сақтау министрлігінің Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті бірқатар шай түрлерін Қазақстан аумағына әкелуге және сатуға тыйым салынғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaq Today.

Комитеттің ақпаратынша, Қазақстан Республикасының Бас мемлекеттік санитариялық дәрігері 2026 жылғы 5 қаңтарда №1-ПГСВ қаулыға қол қойған. Аталған құжат халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығын қамтамасыз ету мақсатында жүргізілген бақылау сатып алуларының нәтижесіне негізделген. Тексеру барысында кейбір шай өнімдерінің Кеден одағының «Тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі туралы», «Тағамдық қоспалардың, хош иістендіргіштердің және технологиялық қосалқы құралдардың қауіпсіздігі талаптары» және «Тамақ өнімдерін таңбалау бөлігінде» техникалық регламенттерінің талаптарына сай келмейтіні анықталған.

Зертханалық сараптама кезінде құрамында тағамдық бояғыштар — сары «күн батуы» (E110), тартразин (E102) және понсо 4R (E124) бар қара шайлардың өндіріліп, саудаға шығарылғаны белгілі болды. Аталған қоспаларды шай өнімдерінде қолдануға тыйым салынған.

Сонымен қатар тексеру барысында кейбір шай қаптамаларында өндіріс орны мен қаптау мекенжайларының нақты расталмағаны анықталды. Бұл өндірушілердің тиісті рұқсат құжаттарының болмауы мүмкін екенін көрсетеді.

Осы фактілерге байланысты төмендегі қара шай өнімдерін елге әкелуге және сатуға шектеу қойылды:

  • «Апамның шәйі Premium gold», «Al-Hayat» Gold, «БАЛҚИЯ Premium gold» — өндіруші «Orda Trade Astana» ЖШҚ (Алматы облысы);

  • «Sultan Suleyman», «Pakistan tea» — өндіруші «Real Trade Astana» ЖШҚ (Астана қаласы);

  • «БАЛҚИЯ Premium gold» — өндіруші «Аль-Хадия» ЖК (Алматы қаласы);

  • «Aje Onim» — «Кальций» ЖШС тапсырысы бойынша, өндіруші «Орда Чай» ЖК (Алматы қаласы);

  • «Al-Hayat» Gold — өндіруші «Empire KENIY E.P.Z. Limited» (Алматы облысы);

  • «Al-Jannat Premium» — өндіруші «Ferdaus» ЖК (Алматы қаласы);

  • «Alfarah» — өндіруші қаптамада көрсетілмеген.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика