Фото: bbc.com
Батыс пен еуропа елдері болмағанда Ресей аз уақытта Украинаны жаулап ала алады. Тек оның бұл жоспарына АҚШ пен еуропа елдері бөгет жасап келеді. Ал саясаттанушы Нұргелді Әбдіғанидің айтуынша, қазіргі кезең Украина үшін шешуші әрі ең күрделі сәттердің бірі болып отыр. АҚШ президенті Дональд Трамп әкімшілігі ұсынған жаңа бітім жоспары Украина мен Ресейді келіссөз үстеліне мәжбүрлеуге бағытталған, деп хабарлайды Qazaq.today ақпарат агенттігі.
Алғашында АҚШ әзірлеген 28 тармақтан тұратын бітім жоспары Ресейдің мүддесіне көбірек жұмыс істейтін, антиукраиналық сипатта болды. Алайда Украина делегациясы АҚШ-пен бірнеше мәрте консультация өткізіп, нәтижесінде бұл тармақтардың басым бөлігі алынып тасталған.
Сарапшының пікірінше, егер Украинаға қаржылай және әскери қолдау әлсіресе, майдан шебінде Ресейге қарсы тұру қиындай түседі. Трамптың екінші президенттік кезеңінде Украинаға бірде-бір тегін қару-жарақ берілмеген. Қазіргі қолданылып жатқан қару-жарақ — Байден әкімшілігі кезінде мақұлданған ленд-лиз көмегінің жалғасы. Ал Еуропа мен НАТО елдері арқылы жеткізілген қарулар Украинаға сатылып отыр.
Осы жағдайды ескерген Киев билігі НАТО-ға мүшелікке қабылдану мүмкіндігінің тым төмен екенін түсініп отыр. Сондықтан Украина альянсқа кіру талабынан уақытша бас тартуға дайын, алайда Конституциясында бекітілген НАТО-ға қосылу құқығынан толық бас тартпайды. Яғни бұл – тактикалық шегініс, стратегиялық мақсаттан бас тарту емес.
Нұргелді Әбдіғани атап өткендей, бейбіт бітімдегі басты түйін — территория мәселесі.
«АҚШ тарапы Украинаға НАТО-ның 5-бабы үлгісінде қауіпсіздік кепілдігін беруге дайын екенін білдірген. Бұл кепілдік Конгресс арқылы заңдастырылса, болашақта президенттер ауысқан жағдайда да күшінде қалады. Яғни бұл жеке президенттің емес, мемлекеттің міндеттемесі болады», — деп санайды ол.
Ал территорияға қатысты Украина ұстанымы қатаң. Киев Донецк, Луганск, Қырым, Запорожье және Херсон облыстарын халықаралық деңгейде Ресей жері деп танудан үзілді-кесілді бас тартады. Донбастан әскерін шығару талабын да қабылдамайды. Украина соғысты қазіргі шепте уақытша тоқтатуға келісуі мүмкін, бірақ оккупацияланған аумақтарды заңды түрде Ресейге беру Конституцияға қайшы екенін алға тартады.
Сарапшының айтуынша, алдағы келіссөздерде белгілі бір компромисстер болуы мүмкін, бірақ бұл тек уақытша бітімге әкелуі ықтимал. 2014–2022 жылдар аралығындағы тәжірибе көрсеткендей, Донбасс мәселесінде бітімдер ұзаққа созылмаған.
«Бұл соғыс әлі бірнеше жылға жалғасуы мүмкін. Территория мәселесінде Украина ешқашан толықтай шегінбейді», – деп түйіндеді саясаттанушы.
