Негізгі мазмұнға өту
Бейсенбі, 1 қазан 2026 $ 439,7↓€ 498,3↓₽ 5,25↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • Тоқаев Бавариямен ынтымақтастықтың жаңа моделін ұсынды

    Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бавария технологиялық форумында сөйлеп, неміс сапасына сай Қазақстанда жасалған өнімдер мен ынтымақтастықтың жаңа моделін ұсынды.

    Тоқаев Бавариямен ынтымақтастықтың жаңа моделін ұсынды

    Фото: akorda.kz

    Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан-Бавария технологиялық форумының ашылуында сөз сөйледі. Германияға жасаған ресми сапары бизнес, өнеркәсіп және технология көшбасшыларын жинаған осы форуммен қорытындыланды.

    Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.

    Тоқаев жиынға қатысушылар алдында сөйлеген сөзінде Баварияны технологиялық прогресс пен өнеркәсіптік жетістіктері бай мәдени мұрасымен, берік дәстүрлерімен және жаңашылдық рухымен үйлесім тапқан бірегей өңір деп атады.

    «Неміс бизнесі елімізде мықты сапасымен, сенімділігімен және технологиялық артықшылығымен жоғары бағаланады. Бүгінде экономикалық байланыстарды тереңдетуге барлық мүмкіндік бар. Бұл ретте Еуропаның жетекші өнеркәсіптік аймақтарының бірі, инженерия мен жоғары технологияның орталығы ретінде дүние жүзі мойындаған Баварияның алатын орны ерекше. Біздің азаматтарымыз үшін «Германияда жасалған» деген белгі әрқашан сапа мен сенімділік синонимі саналады. Дәл осы себепті Мюнхенге арнайы келіп, Баварияның саяси басшылығымен және іскерлік орта өкілдерімен тікелей диалог құрғанды жөн деп ұйғардым», – деді президент.

    Тоқаев Бавария Германияның федералдық жерлері арасында Қазақстанның басты сауда серіктестерінің бірі екенін айтты.

    «Қазақстан бұл аймаққа, негізінен, мұнай, ферроқорытпа, болат, мыс, алюминий, бейорганикалық химиялық заттар, майлы дақылдар, бидай және басқа да тауарлар экспорттайды», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

    Президент елімізде Баварияның жетекші компаниялары, соның ішінде Siemens, Siemens Energy, Knauf, Horsch және басқа да кәсіпорындары табысты жұмыс істеп жатқанын атап өтті.

    Тоқаев бавариялық компания жетекшілеріне елімізде инвесторларға жасалып жатқан қолайлы жағдай, атап айтқанда, Үкімет жанындағы Инвестициялық штаб пен Астана халықаралық қаржы орталығы туралы кеңінен мағлұмат берді.

    «Озық өндірісті дамыту негізгі басымдықтардың бірі болғаны абзал. Қазақстан машина жасау, металлургия, электр техникасы және қосалқы бөлшектер өндірісін дамытуды қолға алды. Әйтсе де еңбек өнімділігін одан әрі арттыру үшін өндірісті автоматтандырып, роботты техника мен озық технологияларды кеңінен пайдалану қажет. Siemens және KUKA секілді компаниялар аталған салаларда көшбасшы саналады. Қазақстанның ірі кәсіпорындары, соның ішінде Qarmet те бар, өнеркәсіп саласындағы тұрақты сұраныс пен сенімді серіктестік байланыстарды қамтамасыз ете алады. Өршіл мақсаттарымызды «Қазақстанда Бавария технологиясы арқылы неміс сапасына сай жасалған» деген қарапайым сөзбен бейнелеуге болады», – деді мемлекет басшысы.

    Президент аса маңызды материалдарды серіктестіктің тағы бір бағыты ретінде атады.

    «Неміс өнеркәсібі маңызды ресурстардың жеткізілу жолдары сенімді және әр тараптан болуына мүдделі. Қазақстан бұл орайда мыс, титан, алюминий, берилий, тантал, ниобий секілді элементтермен ұзақ уақыт бойы қамтамасыз ете алады», – деді Тоқаев.

    Бұдан бөлек, Қасым-Жомарт Тоқаев Мюнхенде бизнеске, инвестиция мен инновацияға арналған бірегей алаң ретінде Alatau City мегажобасын таныстырды. Бавариялық компаниялар Алатау қаласын инженерлік және сервистік бөлімшелерін орналастыратын, үздік шешімдерді көрсететін, жергілікті серіктес іздеп, инвестициялық жобаларды іске асыратын алаң ретінде қолдана алады.

    Мемлекет басшысы сөзін қорыта келе, Алматы қаласында Бавария экономикасының өкілдігін ашуды ұсынды. Аталған мекеме Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда неміс кәсіпорындарының мүддесі үшін жұмыс істей алады.

    Еске салсақ, бұған дейін Тоқаев Германиямен миллиардтаған долларлық шартқа қол қойғаны туралы жазған едік.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →