Мемлекет жедел әрекет етуден жүйелі шешімдерге көшті — сарапшы Маңғыстаудағы трагедия туралы
Фото: жеке парақшасынан
Каспийдегі әскери оқу-жаттығу кезінде болған трагедияның тек әскери және құқықтық емес, коммуникациялық қыры да бар. Саясаттанушы Ғазиз Әбішев соңғы бірнеше күндегі ақпараттық кеңістікті талдап, 24-29 қыркүйек аралығында қоғамдық күн тәртібінің айтарлықтай өзгергенін айтты, деп хабарлайды Qazaqtoday.infoақпарат порталы.
Саясаттанушының пікірінше, оқиғадан кейінгі алғашқы күндері қоғамда белгісіздік пен алаңдаушылық басым болған. Ал алтыншы күнге қарай ақпараттық ахуал басқа кезеңге өткен.
«Каспийдегі трагедияның коммуникациялық қыры да бар. Бір жағынан – әскерилер тарапынан болған сәтсіздік, екінші жағынан – саяси басшылықтың реакциясы. Осы күндері жаңалықтар легі мен әлеуметтік желілердегі жазбаларды мұқият талдай келе, қоғамдық күн тәртібінің едәуір өзгергенін байқауға болады. Алтыншы күнге, яғни 29 қыркүйекке қарай жағдайды алғашқы үш күндегідей бағалау мүмкін емес. Мемлекет ақпараттық кеңістіктегі бастаманы өз қолына ала алды», – деп жазды Ғазиз Әбішев.
Оның пайымынша, 24-25 қыркүйекте негізгі мәселе қоғамға нақты әрі жедел ақпарат жеткізуге тірелді. Сол кезеңде адамдар ең алдымен қаза тапқандар мен іздестіріліп жатқан әскери қызметшілердің тағдырына қатысты жауап іздеген.
«24-25 қыркүйекте ақпараттық жағдай ең алдымен алаңдатарлық, кей тұста тіпті дағдарыстық сипатта болды. Қоғамның негізгі сұрақтары: қанша адам қаза тапты, кімдер табылды, трагедия болған жерде не болып жатыр, әскери қызметшілер қайда, құтқарушылар мен мемлекет не істеп жатыр деген мәселелер болды. Әскерилер тиісті коммуникацияны жолға қоя алмады», – дейді саясаттанушы.
Әбішевтің байқауынша, 26 қыркүйектен бастап қоғамдық талқылаудың мазмұны өзгере бастаған. Алғашқы эмоциялық реакциядан кейін жауапкершілік пен оқиғаның себептеріне қатысты сұрақтар алдыңғы қатарға шыққан.
«26 қыркүйекте күн тәртібі күрт өзгеріп, анағұрлым нақты әрі мазмұнды сипат алды. Қоғам “не болды?” деген сұрақтан “бұл неге болды?”, “кім жауап береді?”, “әрі қарай не істеледі?” деген сұрақтарға өте бастады», – деп атап өтті ол.
Саясаттанушы 27 қыркүйекті ақпараттық және саяси күн тәртібіндегі негізгі бетбұрыс деп бағалайды. Сол күні Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қорғаныс министрлігінің басшылық құрамымен кеңес өткізіп, армиядағы жүйелі проблемалар туралы айтып, әскери реформаның нақты жоспарын он күн ішінде әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге Қорғаныс министрі ауысып, ведомство басшылығына Айдос Мырзахметов келді.
«27 қыркүйекте мемлекеттік күн тәртібі деңгейінде сапалық бетбұрыс болды. Бұл, ең алдымен, Президент Тоқаев айтқан тезистердің арқасында болды. Мемлекет басшысы трагедияға жай ғана баға беріп қойған жоқ, оны армиядағы жүйелі кемшіліктермен байланыстырды, Қорғаныс министрлігінің басшылығын ауыстырды және он күн ішінде әскери реформаның нақты жоспарын әзірлеуді тапсырды. Қойылған міндеттердің қатарында қорғаныс шығыстарының тиімділігі, кадрлық іріктеу жүйесін өзгерту, басқаруды жаңғырту, цифрландыру, кәсіби даярлық пен әскери қызметшілердің қауіпсіздігі бар», – деді Әбішев.
26 қыркүйекте Президент Қорғаныс министрлігіндегі жағдайды кешенді тексеру жөніндегі комиссия құру туралы өкімге де қол қойған.
Ғазиз Әбішевтің айтуынша, 28 қыркүйекке қарай ресми коммуникация жедел әрекеттен жүйелі шешімдерге ауыса бастаған.
«28 қыркүйекте мемлекеттік коммуникация жаңа түсіндіру моделін қалыптастыра бастады: “трагедия болды – мемлекет жүйелі қорытынды жасады – Президент реформа жүргізу туралы шешім қабылдады”. Яғни қоғамға мемлекет тек жедел шаралармен шектелмей, жүйелі шешімдер де қабылдап жатқаны түсіндіріле бастады», – деп жазды саясаттанушы.
Ол бұл ретте билік өкілдерінің қаза тапқандардың отбасыларына көмек көрсету, объективті тергеу жүргізу, кадрлық шешімдер қабылдау және армияны реформалау жөніндегі қадамдарды көпшілікке түсіндіруге көшкеніне назар аударды. Мемлекеттік органдардың ресми мәліметтерінде де үкіметтік комиссияның жұмысы, қылмыстық тергеу және Қарулы Күштерді қайта құру жөніндегі тапсырмалар жарияланды.
Сонымен бірге Әбішев әлеуметтік желілердегі пікірталас толығымен тоқтамағанын атап өтті. Оның сөзінше, Threads платформасында трагедияның өзі ғана емес, осы жағдайға байланысты пікір білдірген қоғамдық тұлғалардың әрекеті де талқыланып жатыр.
«Threads-та әлі де жекелеген “локалды шайқастар” жүріп жатыр. Бірақ мұнда да алғашқы эмоциялық шоктан мемлекеттің және жекелеген қоғамдық тұлғалардың әрекетіне баға беру кезеңіне өту байқалады. Мысалы, сын енді трагедияның өзімен ғана шектелмей, жария тұлғалардың мінез-құлқына да қатысты айтылып жатыр», – деді ол.
Саясаттанушы 29 қыркүйекке қарай мемлекеттік органдардың ақпараттық позициясы алғашқы күндермен салыстырғанда едәуір күшейді деп есептейді. Оның пікірінше, бұған оқиғаның ауқымының нақтылануы, іздеу операциясының аяқталуы, отбасыларға көмек көрсетілуі, тергеудің жүруі, Президенттің ашық бағасы, кадрлық шешімдер мен әскери реформаның жариялануы әсер еткен.
«Алғашқы күні, 24 қыркүйекте мемлекет негізінен жедел әрекет ету тұрғысынан көрінді. Ал алтыншы күнге, 29 қыркүйекке қарай аргументтер мен атқарылған жұмыстардың тұтас жиынтығы пайда болды: трагедияның түпкілікті ауқымы анықталды, іздеу операциясы аяқталды, отбасыларға мемлекеттік қолдау көрсетілді, күдіктілер анықталды, қылмыстық тергеу жалғасып жатыр. Президент жағдайға жария баға берді, кадрлық шешімдер қабылданды, жаңа Қорғаныс министрі тағайындалды. Қорғаныс министрлігін кешенді тексеру басталды, армия реформасы бойынша нақты тапсырмалар беріліп, он күндік мерзім белгіленді», – деп жазды Ғазиз Әбішев.
Осыған байланысты саясаттанушы билік 24-25 қыркүйектегі қорғаныс позициясынан кейін ақпараттық бастаманы қайта қолға алды деген қорытынды жасайды. Алайда оның пікірінше, бұл нәтижені сақтап қалу үшін жарияланған реформалар нақты іспен дәлелденуі керек.
«Қазір билік 24-25 қыркүйектегідей қорғаныс позициясында емес. Президенттің 27 қыркүйектегі шешімдерінен кейін айтарлықтай бастамаға ие болды. Бірақ Ақордаға бұл бастаманы әлі де сақтап, оны реформаның нәтижелері туралы тұрақты қоғамдық түсінікке айналдыру қажет. Мемлекеттік органдар Президент тапсырмаларының қалай орындалып жатқанын қоғамға көрсете отырып, өз кәсіби қабілетін дәлелдеуі тиіс. Сонда мемлекет қоғамдық күн тәртібін қалыптастыруды жалғастырып қана қоймай, қоғам сенімін де нығайта алады», – деп түйіндеді саясаттанушы.
