Бастауыш сыныптағы бес пән бойынша формативтік бағалау енгізіледі
Бастауыш сыныптарда цифрлық сауаттылық, еңбекке баулу, бейнелеу өнері, музыка және дене шынықтыру пәндерінен формативтік бағалау енгізіледі. Аралық бағалау тоқсанына бір рет өтеді.
Сурет: turkystan.kz
Бұған дейін жеке бағаланбаған «Цифрлық сауаттылық», «Еңбекке баулу», «Бейнелеу өнері», «Музыка» және «Дене шынықтыру» пәндері енді формативтік бағалаудан өтеді. Аралық бағалау әр тоқсан сайын жүргізіледі. Бұл туралы ҚР оқу-ағарту бірінші вице-министрі Шынар Ақпарова ОКҚ алаңында өткен баспасөз конференциясында мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Вице-министрдің айтуынша, бұл пәндер бастауыш білім берудің жалпы мазмұнына кіреді және әрқайсысы баланың белгілі бір білімі мен дағдысын қалыптастыруға бағытталған. Сондықтан оқу бағдарламасында көзделген нәтижелердің барлық пән бойынша толық көрініс табуы маңызды. Қосымша жазбаша бақылау жұмыстарының көбеюіне жол берілмейді, керісінше, бағалау пәннің ерекшелігіне сай сабақ барысында орындалатын практикалық, шығармашылық, жобалық, зерттеу, спорттық, жеке және командалық жұмыстардың нәтижесіне негізделеді.
