Алматы мен облыста жаппай электр жарығы сөнді
Алматы қаласы мен облысында электр жарығы сөнді. Бағдаршамдар өшіп, метро тоқтады. Қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеуде.
Сурет: egemen.kz
Бүгін Алматы қаласы мен Алматы облысының бірқатар ауданында электр энергиясы жаппай өшіп, қалада бағдаршамдар істен шығып, кептеліс пайда болды. Метрополитен жұмысы уақытша тоқтатылды, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Алматы қаласы әкімдігінің мәліметінше, 14 тамызда қалада сыртқы электрмен жабдықтау уақытша үзілген. Қазіргі уақытта барлық қалалық қызметтер күшейтілген режимде жұмыс істеп, қала тіршілігін қамтамасыз ету үшін қажетті шаралар қабылдануда.
Электр жарығының сөнуіне байланысты метрополитен жұмысы тоқтатылып, стансалар кіріп-шығуға уақытша жабылды. Контакт рельсіне кернеу берілгеннен кейін метро жұмысы қайта жанданады, деп хабарлайды әкімдік.
Медициналық ұйымдар резервтік электр көздерімен, дизель генераторларымен және үздіксіз қоректендіру көздерімен жабдықталғандықтан, олар жоспарлы режимде жұмысын жалғастыруда. Бірінші кезекте резервтік қуат жансақтау бөлімшелеріне, операциялық бөлмелерге, қабылдау бөлімдеріне және басқа да маңызды жабдықтарға беріледі. Шұғыл медициналық көмек белгіленген тәртіппен көрсетілуде.
Электр қуаты қалпына келтірілгеннен кейін сорғы стансалары іске қосылып, сумен жабдықтау біртіндеп қалпына келеді. Сондай-ақ, электр желілерінен қуат алатын жекелеген бағдаршамдар жұмысы тоқтағандықтан, жол полициясы қозғалысты қолмен реттеуде.
Әкімдік тұрғындарды сабыр сақтауға және ақпаратты тек ресми дереккөздерден алуға шақырады. Қаланың ең көп жүктелген учаскелерінде 150-ден астам полицей кезекшілік атқарып жатыр. Энергетика министрлігінің мәліметінше, апатқа Орталық Азия энергетикалық жүйесіндегі электр энергиясы ағынының күрт өзгеруі себеп болған.
