ЖОО грантына өтініш қабылдау 13 шілдеде басталады: eGov арқылы онлайн тапсыру
ЖОО грантына өтініш қабылдау 13 шілдеде басталады. eGov және eGov Mobile арқылы онлайн тапсыру тәртібі, мерзімдері, кезекте тұру ережелері және нәтижелер туралы ақпарат.
Санаулы күндерден кейін елімізде жоғары оқу орындарына мемлекеттік гранттарға құжат қабылдау басталады. Биыл талапкерлер барлық рәсімді үйден шықпай-ақ, телефон немесе компьютер арқылы жасай алады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Құжат қабылдау 13 шілде сағат 09:00-де басталып, 20 шілде сағат 18:00-ге дейін жалғасады. Уақытты өткізіп алмау маңызды.
Биылғы басты жаңалық — жүйенің жаңартылуы. Егер Ұлттық тестілеу орталығының деректері бойынша талапкерге байқаудан тыс (жеңілдікпен немесе тікелей) грант берілген болса, жүйе оны автоматты түрде анықтайды. Өтініш беру кезінде экранда ескерту белгісі шығады. Грант бекітілген жағдайда eGov арқылы қайта өтініш берудің қажеті жоқ. Қалған талапкерлер құжатты жалпы тәртіппен тапсырады. Жеңілдігі бар азаматтардың статусы да автоматты түрде тексеріледі.
Онлайн өтініш беру үшін Egov.kz порталына немесе eGov Mobile қосымшасына кіру керек. «Азаматтарға» — «Білім» — «Жоғары білім» бөлімін ашып, «Білім беру гранттарын беру…» қызметін таңдау қажет. Содан кейін «Қызметке онлайн тапсырыс беру» батырмасын басып, мәліметтерді толтырып, ЭЦҚ немесе SMS-код арқылы қол қою керек. Өтініш нәтижесін «Қызметтерді алу тарихы» бөлімінен бақылауға болады. Өтініш сәтті өткен соң, жеке кабинетке конкурсқа қатысу туралы электронды анықтама жіберіледі.
Алғашқы күндері сайтқа жүктеме көп болып, «қатып» қалуы мүмкін. Мұндай жағдайда eGov талапкерді «электронды кезекке» қояды. Кезек күтіп тұрғанда браузер бетін жаппау және жаңартпау (обновить етпеу) керек, әйтпесе кезектен шығып қалу қаупі бар. Экрандағы «Кезек жақындағанда маған SMS жібер» деген чек-боксты белгілеп қоюға кеңес беріледі. Кезек келгенде 1414 нөмірінен SMS келеді.
Конкурс қорытындысы бойынша грант иегерлерінің электронды сертификаты 10 тамыздан кешіктірілмей eGov-тағы жеке кабинетке жолданады. Грант бұйырмаса да, бұл туралы ресми хабарлама келеді. Талапкерлерге сабыр сақтап, құжатты мұқият толтыруға кеңес беріледі.
