Цифрлық медиа кеңістігіндегі СММ стратегиялары және журналистік этиканың трансформациясы

Аңдатпа: Мақалада қазіргі медиа ортадағы СММ стратегияларының рөлі мен олардың кәсіби журналистік этикаға тигізетін әсері қарастырылады. Автор ақпаратты таратудың жаңа тәсілдері мен дәстүрлі журналистік құндылықтар арасындағы қайшылықтарды талдайды.

Қазіргі таңда ақпараттық қоғамның дамуы журналистика саласын түбегейлі өзгерістерге ұшыратты. Әлеуметтік желілер тек қарым-қатынас құралы ғана емес, ақпарат таратудың негізгі платформасына айналды. Осы орайда, БАҚ өкілдері үшін әлеуметтік медиа маркетинг (SMM) стратегияларын меңгеру — уақыт талабы. Алайда, аудиторияның назарын аудару жолындағы бәсекелестік журналистік этика мәселесін бірінші орынға шығарды. Мақаланың өзектілігі — СММ құралдарын қолдану барысында ақпараттың шынайылығы мен кәсіби этика нормаларының сақталу механизмін зерттеу қажеттілігімен байланысты. СММ стратегиялары журналистикаға жеделдік пен интерактивтілік әкелгенімен, оның кері тұстары да аз емес. Бүгінгі таңда көптеген медиа ресурстар «қаралым» (reach) мен «engagement» (аудиторияның қатысуы) көрсеткіштерін арттыру үшін кликбейтті тәсілдерді жиі қолданады. Кликбейт — бұл этикалық тұрғыдан алғанда, оқырманды алдау. Тақырыптың мазмұнға сай келмеуі немесе сенсация жасау мақсатында ақпаратты бұрмалау журналистиканың ең басты принципі — объективтілікке нұқсан келтіреді. Журналистік этиканың алтын қағидасы — фактчекинг, яғни ақпаратты тексеру. Бірақ әлеуметтік желілердегі жылдамдық жарысы журналистерге ақпаратты мұқият тексеруге уақыт қалдырмайды. Нәтижесінде, фейк (жалған) ақпараттардың таралу деңгейі артып отыр. СММ стратегияларының журналистикаға ықпалын талдау барысында біз ақпаратты манипуляциялаудың жаңа түрлерін көреміз. Мысалы, аудиторияның эмоциясына (қорқыныш, ашу-ыза) әсер ету арқылы вирустық контент жасау — этикалық нормалардан аттап өту болып табылады. Сонымен қатар, жеке деректердің қорғалуы мен авторлық құқық мәселесі де цифрлық этиканың аясында қарастырылуы тиіс. Әлеуметтік желілерде контенттің тез таралуы плагиаттың белең алуына жол ашты. Көптеген СММ мамандары ақпараттың бастапқы көзіне сілтеме жасамай, дайын материалды өз мақсаттарына қолданады. Бұл тек заңнамалық емес, ең алдымен кәсіби этикалық мәселе. Медиажурналистика саласындағы СММ стратегияларын тиімді қолданудың жолы — этикалық шекараны сақтау. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, аудиторияның медиаға деген сенімі ақпараттың жеделдігіне емес, оның сапасы мен шынайылығына тікелей байланысты. Хайп арқылы жиналған аудитория тұрақсыз болады, ал сапалы әрі этикалық нормаларға сай контент брендтің ұзақ мерзімді беделін қалыптастырады.

Түйіндей келе, СММ стратегиялары мен журналистік этика бір-біріне қайшы келмеуі тиіс. Керісінше, СММ құралдары журналистиканың құндылықтарын жаңа деңгейге шығаруға, аудиториямен сапалы диалог орнатуға көмектесуі қажет. Әрбір медиа маман цифрлық кеңістікте жұмыс істеу барысында «қаралым үшін — бәріне рұқсат» деген қағидадан бас тартып, жауапкершілік пен кәсіби ар-ұятты бірінші орынға қоюы тиіс. Тек сонда ғана цифрлық журналистика қоғамның сеніміне ие болып, өзінің ағартушылық және ақпараттық функциясын толық атқара алады.

 

Аяулы Мейрамқызы

Т.Қ.Жүргенов атындағы Қазақ Ұлттық Өнер академиясының 4-курс студенті

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика