Астанадағы өрт: көпқабатты үйден үш баланың денесі табылды

Астанадағы көпқабатты үйлердің бірінде шыққан өрттен үш бала көз жұмды. Тағы бір әйел күйік шалып, ауруханаға түсті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Қайғылы оқиға түнде Есіл ауданындағы Түркістан көшесінің бойында орналасқан 21 қабатты тұрғын үйде болған. Жалын 15-қабаттағы пәтерлердің бірінен шыққан.

«Алғашқы топтар оқиға орнына бірден жетті. Жалын толықтай сөндірілді. Өртті сөндіру кезінде жанып жатқан пәтерден күйік шалған әйел құтқарылып, жедел жәрдем қызметкерлеріне тапсырылды», — деп хабарлады ТЖМ.

Зардап шеккен әйел №1 көпсалалы қалалық ауруханаға жатқызылды. Алайда құтқарушылар пәтер ішінен кәмелетке толмаған үш баланың денесін тапқан.

Өрт кезінде жоғарғы қабаттардан 20 адам эвакуацияланды, тағы 40-қа жуық тұрғын өздігінен сыртқа шыққан.

Қазіргі уақытта өрттің шығу себебі анықталып жатыр. Қалалық әкімдік қаза тапқан балалардың отбасына және зардап шеккен әйелге көмек көрсетілетінін мәлімдеді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика