Таразда оқушы әкесінен алимент өндіріп алды

Фото: Pixabay

Таразда жекеменшік мектепте оқитын 11-сынып оқушысы сот арқылы жылдар бойы өзімен араласпаған және материалдық қолдау көрсетпеген әкесінен алимент өндіріп алуға қол жеткізді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

2008 жылы оқушының әкесі екі баласына, оның ішінде осы қызына қатысты ата-ана құқықтарынан бас тарту туралы арыз жазып, оны нотариалды түрде куәландырған.

2018 жылы қыздың анасы мен ағасы қайтыс болған. Қазіргі уақытта ол әжесімен бірге тұрады және толықтай оның асырауында.

Әкесі ешқандай материалдық көмек көрсетпеген, қарым-қатынастан қашқақтаған, ал көмек сұраған кезде қызының телефон нөмірін бұғаттап отырған.

Сотқа алимент өндіру туралы талап қоюмен жүгінгенде, оқушы өзінің қаржылық қиындықтарға тап болғанын көрсеткен: оқу мен тұрмысқа байланысты барлық шығынды әжесі өтейді. Ал қаражат тек азық-түлік пен ең қажетті қажеттіліктерге ғана жетеді.

Сотта әкесі талапты ішінара қанағаттандыруды сұрап, басқа некеден туған төрт баласының бар екенін және несиелік міндеттемелерін алға тартқан. Алайда оның еңбекке қабілетті екені және бірнеше кәсіпорыннан табыс табатыны анықталған.

Сонымен қатар, шешім шығарылған күні жауапкер жеке кәсіпкер ретінде тіркеуден шыққаны, ал оған дейін көп ұзамай тағы төрт балаға әкелік құқықты ресімдегені белгілі болған.

Сот мұны алимент мөлшерін жасанды түрде төмендетуге бағытталған әрекет ретінде бағалады.

Тараз қалалық соты әкеден қызы мектепті аяқтағанға дейін ай сайын 17 АЕК (66 844 теңге) мөлшерінде алимент өндіру туралы шешім шығарды.

Әкесі бұл шешімге апелляциялық тәртіппен шағымданған.

Жамбыл облыстық соты бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика