«Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясының авторы, дәулескер күйші Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толды
Бүгін қазақ өнерінің жарық жұлдызы, дәулескер күйші әрі бірегей композитор, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Қаршыға Ахмедияровтың туғанына 80 жыл толды. Қазақ музыкасын әлемге танытқан тұлғаның мерейтойы — руханият әлемі үшін айтулы оқиға, деп хабарлайды QazaqToday.info ақпараттық порталы.
Қаршыға Ахмедиярұлы 1946 жылы Атырау өңірінің Махамбет топырағында, Таңдай ауылында жарық дүниеге келді. Ол кәсіби өнерін Алматы мемлекеттік консерваториясында шыңдап, кейін Мәскеудегі жоғары дирижерлік мектепте жалғастырды.
Жиырма жеті жыл бойы Құрманғазы атындағы ұлттық оркестрдің құрамында қызмет етіп, домбырашыдан бас дирижер мен көркемдік кеңес мүшесіне дейін көтерілді.
1974 жылдан бастап ол өзі білім алған қара шаңырақ консерваторияда дәріс беріп, шәкірт тәрбиелеуге белсене кірісті. 1994 жылы профессор ғылыми атағын алды. 1996 жылдан бастап «Домбыра кафедрасын» басқарып, күй тартудың өзіндік мектебін қалыптастырды.
Ол құрастырған «Қазақтың дәстүрлі 1000 күйі» антологиясы – ұлттық музыканы жүйелеудегі баға жетпес еңбек.
Құрманғазы мен Динаның ізімен жүрген күйшінің атағы шекара асты. Оның орындауындағы күйлер АҚШ пен Жапониядан бастап, Еуропаның (Франция, Италия, Швеция) және Африканың (Ангола) сахналарында асқақтап, шетелдік тыңдарманның ыстық ықыласына бөленді. Оның репертуары тек халық күйлерімен ғана емес, әлемдік классикалық туындылардың домбыраға лайықталған өңдеулерімен де ерекшеленді.
Қаршыға Ахмедияров – қазақ руханиятына соны соқпақ салған композитор. Оның қаламынан туған «Шашақты найза, шалқар күн», «Нарын», «Атырау», «Атамекен», «Желдірме», «Сағыныш» және «Нұрғиса» сияқты ондаған күйлер бүгінде ұлттық музыканың алтын қорынан ойып тұрып орын алды.
Мәдениетті дамытуға қосқан ерен еңбегі үшін ол «Парасат» орденімен марапатталып, мемлекет тарапынан ең жоғары құрметке ие болды. Күйші 65 жасқа қараған шағында Алматы қаласында мәңгілік сапарға аттанды. Соңына өшпес мұра мен өнегелі шәкірт қалдырған Қаршыға Ахмедияровтың есімі қазақ халқымен бірге жасай бермек.
Фото: altynqor.com/скрин