Әскерден босату үшін пара берген ата-аналардың өздері сотталуы мүмкін

Әскерге шақырылушылардың ата-анасынан 1,2 миллион теңгеден астам ақша алып, балаларын әскери қызметтен босатып беруге уәде еткен медицина қызметкері ұсталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Полицияға үш адам арызданған. Олардың айтуынша, 2023 жылдың соңында өзін медицина қызметкері деп таныстырған белгісіз біреу ұлдарын әскерден алып қалуға көмектесетінін айтқан. Ол әскери қызметке жарамсыз деп тану үшін «қажетті» диагноз қойып беремін деп сендірген. Жәбірленушілер оған жалпы сомасы 1,2 миллион теңгеден астам қаражат берген. Алайда ақшаны алған соң ол уәде етілген медициналық құжатты да бермей, ақшаны да қайтармай, ізін суытқан.

Тәртіп сақшылары күдіктінің жеке басын анықтап, сотқа дейінгі тергеуді бастады. Күдікті жергілікті медициналық бекеттердің бірінің қызметкері болып шықты. Қазір полиция оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.

«Сонымен қатар, тергеу аясында арызданушылардың өз әрекетіне де құқықтық баға беріледі. Себебі әскери қызметтен заңсыз жолмен жалтару әрекеті де жауапкершілікке әкеп соғуы мүмкін. Әскери қызмет мәселесін ақшамен «шешуге» қатысты кез келген ұсыныс заңсыз болып табылады және мұндайды көбіне алаяқтар жасайды», — деп мәлімдеді полиция.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика