АҚШ Иранға басып кірмейді: сарапшы соғыстың қайда болатынын айтты

Иран мен АҚШ арасындағы жағдай шиеленіскен тұста қазақстандық сарапшы соғыс Иранның негізгі аумағында емес, оның мұнай экспорты үшін аса маңызды аралда басталуы мүмкін екенін болжады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Ирантанушы Жәнібек Көпжасардың пайымдауынша, АҚШ-тың негізгі нысанасы Иранның құрлықтағы әскері емес, оның экономикалық күретамыры саналатын Парсы шығанағындағы Харк аралы болуы мүмкін.

«Менің ойымша, таяу күндері АҚШ жаяу әскерін Иранның құрлықтағы аумағына емес, Парсы шығанағындағы Харк аралына түсіруі мүмкін. Кескілескен шайқас осы аралда болатын шығар», — деп жазды сарапшы.

Оның айтуынша, Иран тарапы бұл қауіпті алдын ала сезіп, соңғы күндері аралға көптеп әскер шоғырландырып, оның айналасын толықтай миналап тастаған.

Харк аралының стратегиялық маңызы өте зор. Иран мұнайының 95 пайызы дәл осы аралдағы терминалдар арқылы әлемдік нарыққа жөнелтіледі. Егер АҚШ осы аралды бақылауына алса, бұл Иран экономикасына жойқын соққы болады.

Сонымен қатар, сарапшы осы әскери қақтығысты пайдаланып, Біріккен Араб Әмірліктері Парсы шығанағындағы даулы аралдарды – Әбу Мұса, Томбе Бозорг және Томбе Кучекті басып алуы мүмкін екенін ескертеді.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика