Тоқаев: «Таза Қазақстан» – жай науқан емес, мемлекеттің идеологиясы

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақстандықтарды Ұлыстың ұлы күнімен құттықтап, «Таза Қазақстан» бастамасының маңызына тоқталды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Президент Наурыз мейрамы тазару мен жаңару уақыты екенін атап өтті. Оның айтуынша, тазалық ұғымы тек қоршаған ортаға ғана емес, ең алдымен адамның ойы мен ниетіне қатысты.

«Әз-Наурыз – тазару, жаңару уақыты. Тазалық – мән-мағынасы кең ұғым. Бұл – ең алдымен, ой тазалығы, сана мен ниет тазалығы деген сөз», – деді Мемлекет басшысы.

Тоқаев осыдан екі жыл бұрын басталған «Таза Қазақстан» жалпыұлттық акциясы халықтың, әсіресе жастардың қолдауына ие болғанын жеткізді. Ол бұл бастаманың кезекті саяси науқан емес екенін баса айтты.

«Жалпы, «Таза Қазақстан» бастамасы – жай ғана кезекті саяси науқан немесе үгіт-насихат емес, бұл – мемлекетіміздің мызғымас идеологиясы. Сондықтан осы игі іспен біз жыл бойы айналысуымыз керек, бұл ұлт болмысының ажырамас бөлігі болуға тиіс», – деп атап өтті Президент.

Сөз соңында Қасым-Жомарт Тоқаев елге амандық, жерге тыныштық тілеп, мемлекеттің тұғыры биік болуына ниеттестігін білдірді. «Ұлыс оң болсын, ақ мол болсын! Еліміздің төрт құбыласы түгел болсын!» – деп сөзін қорытындылады.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика