Қазақтың төл мәдениеті мен ұлттық қолөнері бүгінде тек мұражай жәдігері емес, заманауи өмірдің ажырамас бөлігіне айналып, жаңаша қарқынмен қайта түлеп келеді. Әсіресе, жыл басы – әз-Наурыз табалдырық аттаған сәтте, айналамыздан оюлы қазақы киім киген, ұлттық нақыштағы аксессуарлар таққан жандарды жиі көре бастаймыз. Бұл – халықтың өз тамырына, текті өнеріне деген сағынышы мен құрметінің айқын көрінісі. Осындай ұлттық кодты сақтап, оны келер ұрпаққа бояуын қанық етіп жеткізіп жүрген бірегей тұлғалардың бірі – қолөнер шебері Айсұлу Қожаева.
Шебердің бала арманы
Айсұлудың бұл өнерге деген құштарлығы тым тереңде жатыр. Ол бала күнінен ине мен жіпті серік етіп, әжелеріміздің құрақ құраған сәтіндегі әрбір қиынды матаның қалай қиюласатынына таңырқай қарап өсті. Тігін тігу, түрлі-түсті жіптерден өрнек салу ол үшін жай ғана ермек емес, қиял әлеміне жетелейтін тылсым дүние еді. Алайда, тағдыр жолы оны бірден кәсіби қолөнерге алып келген жоқ. Өмірдің қым-қуыт тіршілігі, белсенді еңбек жылдары мен күнделікті күйбең тірлік сүйікті ісімен толық айналысуға мүмкіндік бермеді. Көптеген талант иелері секілді Айсұлу да өз арманын кейінге ысырып, ұзақ жылдар бойы басқа салада еңбек етті.
Шебердің жұмыс үстелі
Тек зейнет демалысына шыққаннан кейін ғана Айсұлу өзінің шынайы болмысына, жан қалауына қайта оралды. Көпшілік үшін зейнет жасы демалыс кезеңі болса, Айсұлу үшін бұл – жаңа шығармашылық белестердің бастауы болды. Алғашында құрақ көрпе тігіп, ұсақ-түйек бұйымдар жасау тек жан тыныштығын табуға арналған демалыс іспеттес болса, біртіндеп бұл іс үлкен кәсіби шеберлікке ұласты. Оның қолынан шыққан әрбір дүние өзіндік сипатымен, түстер үйлесімімен және сапасымен ерекшелене бастады. Осылайша, қарапайым хобби нағыз авторлық өнерге, ал Айсұлудың есімі қолөнер шеберлерінің арасында танымал бола бастады.
Тігіншінің рухани әлемі
Айсұлудың жұмыс үстелінде туған әрбір туынды – нағыз еңбек пен төзімнің жемісі. Ол әрбір шапанды бастан-аяқ толығымен қолмен тігеді. Қазіргі дайын машиналық оюлар заманында мұндай қол еңбегі өте сирек әрі құнды. Бір ғана шапанды жасап шығар үшін шебер шамамен бір ай уақытын жұмсайды. Бұл процесс тек тігуден ғана тұрмайды. Әуелі оюды ойлап табады. Шебер ешқашан дайын шаблондарды қолданбайды. Ол алдымен ою-өрнектің нобайын ақ қағазға сызып, авторлық ерекшелік қосады. Кейін таңдалған матаның сапасы мен түс үйлесіміне ерекше мән беріледі. Содан соң қағаздағы өрнек мата бетіне түсіріліп, тігін машинасымен өте мұқият, зергерлік дәлдікпен өңделеді.

Киімнен бөлек, Айсұлу жасаған құрақ көрпелер, төсек жапқыштар мен сәнді жастықтардың жөні бөлек. Мұнда әрбір мата қиындысы – бір тарих. Оларды біріктіріп, ортақ композиция құру үшін суретшінің көзі мен математикалық дәлдік қажет.
Мұраны сақтау — болашаққа аманат
Айсұлу үшін бұл кәсіп – тек табыс көзі немесе уақыт өткізу емес, бұл оның рухани азығы.
«Егер ұзақ уақыт ине ұстамай, тігісімнен қол үзіп қалсам, көңіл-күйім түсіп, бір нәрсе жетіспейтіндей сезінемін. Ал әдемі бұйым жасауға кіріскенде, бойыма ерекше күш-қуат бітіп, жаным жайланады», – дейді шебер ағынан жарылып.
Шебердің тағы бір мақтауға тұрарлық ісі – оның білгенін өзгеге үйретуден жалықпайтыны. Бүгінде ол Алматы қаласындағы Оқушылар сарайында жас қыздарға арналған шеберлік үйірмесін ашты. Онда бүлдіршіндер сөмке тігу, қобдиша жасау және ұсақ қолөнер бұйымдарын әзірлеу арқылы қазақы дәстүрдің дәмін сезініп өсуде. Бұл – ұлттық өнердің өміршеңдігін қамтамасыз ететін нағыз алтын көпір.
Наурыз мерекесінің алдында ұлттық киімдерге деген сұраныстың артуы заңдылық. Бірақ Айсұлу Қожаева сияқты шеберлердің қолынан шыққан дүниелер тек сыртқы әсемдік қана емес, сонымен бірге жылылық пен береке сыйлайды. Шын ниетпен, таза көңілмен жасалған бұйым иесіне құт әкеледі. Айсұлудың әрбір ине шаншымында сол мейірім мен ізгілік бардай көрінеді. Ұлттық қолөнердің осындай жанашырлары барда, біздің мәдениетіміз ешқашан өшпек емес.
Фото: жеке мұрағат
