Көктемгі демалыс қарсаңында Алматы ерекше мәдени оқиғаның орталығына айналды. Almaty Arena-да 11 мыңнан астам жас домбырашының басын қосқан үлкен флешмоб болып өтті. Қаланың түкпір-түкпірінен келген мектеп оқушылары бір мезетте күй мен осы заманғы композицияларды қатар орындап, кеңістікті ұлттық аспаптың қуатты үнімен тербетіп жіберді, деп хабарлайды бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы.
Алғашқы әуеннен-ақ зал ерекше атмосфераға бөленді: мыңдаған домбыра үні бір арнаға тоғысып, дәстүр мен қазіргі мәнерді ұштастырған тірі музыкалық полотнoға айналды. Флешмоб репертуарында қазақстандық танымал композиторлардың шығармалары, сондай-ақ күйші-виртуоз Асылбек Еңсеповтің көпшілікке кеңінен танымал туындылары орындалды. Оның шығармашылығы әлдеқашан ұрпақтар арасындағы алтын көпірге айналған.
Іс-шараның құрметті қонақтары қатарында сахна жұлдыздары мен Қазақстандық Гиннестің рекордтар кітабының өкілдері болды. Олардың келіп қатысқаны жиынның маңызы мен бәсін арттыра түсіп, жас таланттарды қолдап, ұлттық мәдениетті дамытуға ерекше серпін берді.
Флешмобқа қатысқандардың бірі — №189 мектептің оқушысы Нұрсұлтан Құдайбергенов. Ол осындай ауқымды науқанға қатысқанына қуанышты екенін айтып, бәрін келе жатқан Наурыз мерекесімен құттықтады.
Музыка пәнінің мұғалімі Қарлығаш Қалмамбетова да іс-шараға қатысып жатыр. Ол шәкірттерімен бірге осыған бірнеше апта бойы дайындалыпты.
«Наурыз әр шаңыраққа бақыт пен береке әкелсін! Мына домбырашылар челленджі жалғаса берсін тоқтамай», — дейді музыка мұғалімі.
Бұл флешмоб жай ғана концерт емес, ұрпақтар сабақтастығының, өнерге деген сүйіспеншілік пен бірліктің символына айналды. Ұйымдастырушылар бұл жетістікті тіркеп, домбырамен ең көп адамның бір мезетте күй тартқан сәтін Қазақстан рекордтар кітабына енгізуге өтініш беруді жоспарлап отыр.
Алматы дәстүрді сақтап қана қоймай, оны заманға бейімдеп отыратын үлкен орта екенін тағы дәлелдеді.
