Көкпардағы төбелес: «Баламды 25 адам ұрды, ешкім қамалмады» дейді анасы

Түркістан облысында өткен көкпар ойынының соңы жаппай төбелеске ұласып, 20 жастағы жігіт ауыр халде ауруханаға түсті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.

Оқиға салдарынан зардап шеккен Ақбаржан Әбдімәжитовты топ адам жабылып сабаған. Куәгерлердің айтуынша, олар есінен танып қалған жігіттің басынан секіріп, кейін көлікке тиеп, елсіз далаға апарып тастаған. Бір апта бойы жансақтау бөлімінде ес-түссіз жатқан Ақбаржан жақында ғана палатаға ауыстырылған, алайда әлі толық есін жимаған.

Баласының өмірі үшін алаңдаған ата-анасы күдіктілердің жазасыз қалуынан қауіптеніп, аурухананы күзетуге мәжбүр. Олардың сөзінше, ұлына шабуылдаған 25 адамның ешқайсысы қамауға алынбаған.

«Бес жігітке жиырма бес адам жабылған. Олардың біреуі де қамалған жоқ. Біз қазір аурухана алдын күзетіп жүрміз. Себебі олардың мұнда келіп, тағы да бірдеңе бүлдіруінен қорқамыз», — дейді жәбірленушінің жақындары.

Ал Түркістан облыстық полиция департаменті бұл іске қатысты екі күдіктінің ұсталғанын хабарлады. Алайда, кейінірек олардың тергеу кезінде үйқамаққа жіберілгенін растады. Бұл жағдай жәбірленуші тараптың наразылығын тудырып отыр.

Фото: Әлеуметтік желіден

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика