Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «ҚазМұнайГаз» ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Асхат Хасеновті қабылдап, компанияның өткен жылғы жұмысы мен алдағы жоспарларын талқылады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Асхат Хасеновтің айтуынша, былтыр Қытайдың CNOOC және Sinopec секілді ірі компанияларымен маңызды келісімдер жасалған. Бұл келісімшарттар Атырау облысындағы Жылыой және Батыс Қазақстан облысындағы Березовский жобалары бойынша жер қойнауын пайдалануды көздейді. Сонымен қатар, Turkish Petroleum Corporation, BP және Хорват көмірсутегі агенттігі сияқты халықаралық серіктестер еліміздегі жаңа кен орындарын зерттеуге қызығушылық танытып отыр.
Ұлттық компания бұрын-соңды аз зерттелген аумақтарда геологиялық барлау жұмыстарына баса назар аударып келеді. Өткен жылы 8 іздеу ұңғымасын бұрғылау жұмыстары аяқталса, 2029 жылға дейін тағы 24 ұңғыма бұрғылау жоспарда бар. Бұл мақсатқа жұмсалатын жалпы инвестиция көлемі 900 миллион доллардан асады.
Хасенов өткен жылдың қорытындысы бойынша мұнай мен конденсат өндіру көлемі 26,2 миллион тоннаға жеткенін атап өтті. Бұл алдыңғы жылмен салыстырғанда 10 пайызға артық көрсеткіш. Сондай-ақ Батыс Прорва, Орталық Өріктау және Рожков кен орындарын игеру арқылы көгілдір отын өндірісін жылына қосымша 2,3 миллиард текше метрге ұлғайту көзделген.
Компанияның үш мұнай өңдеу зауыты былтыр 17,5 миллион тонна шикізатты өңдеп, 13,6 миллион тонна жеңіл мұнай өнімдерін шығарды. Бұдан бөлек, құны 15 миллиард доллардан асатын мұнай-газ химиясы саласындағы ірі инвестициялық жобалар іске асырылып жатыр. Маңғыстау облысында тәулігіне 50 мың текше метр теңіз суын тұшытатын «Кендірлі» зауыты да пайдалануға берілді.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы компания басшылығына нақты міндеттер жүктеді.
«Президент геологиялық барлау жұмыстарын жандандыруға және ірі инвестициялық жобаларды уақтылы іске асыруға қатысты тапсырма берді», — делінген Ақорда хабарламасында.
Фото: Әлеуметтік желіден
