Сарапшы Бектенов үкіметінің екі жылына баға берді: «Енді Үкімет үшін басты сын экономикалық емес, саяси-қоғамдық легитимділік»

Ертең үкіметтің кеңейтілген отырысы өтеді. Оған мемлекет басшысының өзі қатысады. Соңғы екі жылдағы Бектенов үкіметінің атқарған жұмысы жайлы QazaqToday тілшісі белгілі саясаттанушы, сарапшы Жанат Момынқұловтан пікір сұраған еді.

Саясаткердің айтуынша соңғы екі жылда Үкіметтің  институционалды және экономикалық табыстары аз емес. 2023-2025 жылдары Үкімет экономикалық саясатта инерциялық моделден белсенді реформаторлық моделге өтуге күш салды. Бұл белгілі бір дәрежеде өз нәтижесін берді. Экономикалық өсім 2025 жылы ЖІӨ 6,5%-ға өсіп, соңғы 14 жылдағы ең жоғары көрсеткішке жетті. ЖІӨ көлемі алғаш рет 300 млрд доллардан асты. Тіпті 310-319 млрд болуы да мүмкін. Тоқаев екі жыл бұрын ІЖӨ-ді 2029 жылы екі есе арттыруды тапсыруы алдағы 4 жылда орындалу ықтималы бар.

«Өсімнің сапасы да өзгерді: оның шамамен 70%-ы шикізаттық емес секторлар есебінен қамтамасыз етілді. Олар  өңдеуші өнеркәсіп, құрылыс, көлік, сауда ж. т.б. Бұл туралы Financial Times блогерлері де мақтап жазды. Инвестициялық тартымдылық жағынан Қазақстан Орталық Азияға келген тікелей шетелдік инвестициялардың 60%-дан астамын тартты, инвестициялар 13%-ға өсті» дейді сарапшы.

Қазақстанның жаһандық беделіне де тоқталған Ж.Момынқұлов: «Бәсекеге қабілеттілік жағынан еліміз жаһандық бәсекеге қабілеттілік рейтингінде 34-орынға көтерілді. Бұл тұрғыдан алғанда, Үкімет экономиканы өсу траекториясына қайта орнықтыра алды деуге негіз бар» дейді.

 

Институционалдық және заңнамалық реформалар туралы ойын жеткізген сарапшы маңызды жетістік ретінде ойын ережелерін ұзақ мерзімге қайта құруға бағытталған заңнамалық пакет туралы айтты. Шу шығарған жаңа Бюджет кодексі Ұлттық қордан ретсіз трансферттерді шектеуге, фискалдық тәртіпті күшейтуге бағытталды.

Жаңа Салық кодексі (2026) салықты басқаруды жеңілдету, жеңілдіктерді қысқарту, көлеңкелі экономиканы азайту мақсатын көздейді дейді маман.

 

«Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң  әлеуметтік тұрғыдан маңызды, азаматтардың қаржылық «екінші мүмкіндік» алуына жол ашты. Бұл реформалар институционалдық тұрғыдан дұрыс бағытта болғанымен, олардың нақты әлеуметтік әсері әлі толық сезілген жоқ. Инфрақұрылым және геоэкономикалық позицияда өзгеріс болды. Транскаспий бағыты теміржол және өзге де темір-автожол жобалары Қазақстанды өңірлік логистикалық хабқа айналдыру стратегиясын нақтылай түсті. Энергетика саласы және АЭС бойынша референдум арқылы қабылданған шешім биліктің саяси жауапкершілікті бөлісуге тырысқанын көрсетті. «Инвестиция үшін тарифтер енгізу» экономикалық тұрғыдан қажетті, бірақ саяси тұрғыдан ең ауыр шешімдердің бірі болды» дейді саясаткер Ж. Момынқұлов.

 

Сарапшының айтуынша жүйелі кемшіліктер мен орындалмай қалған реформалар да жоқ емес.

«Экономикалық өсім мен халықтың тұрмысы арасындағы алшақтық барын сарапшылар айтуда. Негізгі проблема ІЖӨ макроөсімі халықтың күнделікті өмірінде толық сезілмейді. Инфляция 7,5–8% деңгейінде сақталды. Тарифтер өсті, бірақ сапа мен табыс өсімі оларға ілесе алмады. Аймақтар арасындағы теңсіздік сақталып отыр. Мемлекеттік органдардағы парақорлық тетіктері жылдам шешімін таппады» дейді сарапшы.

Бұл жағдай «экономика өсіп жатыр, бірақ халық неге сезбейді?» деген сенім дағдарысын күшейтті.Демонополизация мен деолигархизация үрдістері де жартылай ғана жүрді деген ой айтты саясаткер.

«Декларациясы бар, бірақ нарықта ірі ойыншылардың ықпалы әлі де күшті. Мемлекеттің экономикадағы үлесінің қысқаруы жаяу жүріп жатыр. Қайтарылған активтердің экономикаға нақты қалай жұмыс істеп жатқаны ашық емес. Бұл ахуал қоғамда «бұл реформалар элиталар үшін бе?» деген күдік тудырды. Институционалдық сенім мәселесі де өткір. Парламент пен Үкіметтің саяси дербестігі шектеулі болып тұр.        Қоғаммен диалог көбіне формалды сипатта жүргізіледі. Әлеуметтік шешімдер көбіне технократиялық, бірақ құндылықтар негізі әлсіз деуге болады. Нәтижесінде халықтың билікке деген сенімі экономикалық көрсеткіштерге қарамастан баяу қалпына келуде» дейді саясаткер Ж. Момынқұлов.

 

Алдағы кезеңде Үкімет түбегейлі қайта қарауы тиіс бірнеше бағыттарды атаған сарапшы, алдымен, экономикалық саясаттың мәні «өсім үшін өсім» емес, «әділетті өсім» логикасына көшуі тиіс дейді. Ол үшін прогрессивті салық, аймақтық теңгерім, орта тапты жүйелі қолдау қажет.

 

«Елге әлеуметтік келісімнің жаңа, жұмыс істейтін моделі қажет. Тарифтер, салық, реформа нақты әлеуметтік балама пакеттермен қатар жүруі тиіс. Әйтпесе реформалар технократиялық сипатта қабылданып, саяси легитимдігін жоғалтуы ықтимал.

Мемлекет пен қоғам арасындағы сенім артуы аса өзекті. Ол үшін ашықтық, түсіндіру, жауапкершілік болуы маңызды.

Өйткені, ешбір экономикалық реформалар қоғамның саяси сенімінсіз іске аспайды.

2023-2025 жылдары Үкімет экономиканы құлатпай, реформалық траекторияға шығара алды. Бұл маңызды жетістік болды. Алайда институционалдық сенім, қаржылардың ашықтығы, әлеуметтік әділет және саяси жауапкершілік мәселелері шешілмейінше, бұл өсім ұзақ мерзімді тұрақты даму моделіне айналмайды. Алдағы кезеңде Үкімет үшін басты сын экономикалық емес, саяси-қоғамдық легитимділікті қалпына келтіру болмақ» дейді сарапшы Жанат Момынқұлов.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика