Ақтөбеде әйел адам мен оның үш баласы газдан уланып көз жұмды

Ақтөбедегі жеке үйлердің бірінен әйел адам мен оның кәмелетке толмаған үш баласының денесі табылды. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.

«Бүгін Ақтөбе қаласының Алматы ауданында жеке тұрғын үйлердің бірінен әйел адам мен үш кәмелетке толмаған баланың денесі табылды. Алдын ала мәліметтерге сәйкес, қайғылы оқиға газ жабдықтарын дұрыс пайдаланбау салдарынан табиғи газдан улану нәтижесінде орын алуы мүмкін. Оқиғаның нақты себептері мен мән-жайлары анықталып жатыр», – деп хабарлады облыстық әкімдік.

Ақтөбе облысының әкімі тапсырмасымен жағдайды жан-жақты зерделеу үшін арнайы комиссия құрылды. Комиссияны Ақтөбе қаласының әкімі Азамат Бекет басқарады. Комиссия уәкілетті органдармен өзара іс-қимыл жасай отырып, тексеру жүргізіп, тергеу қорытындысы бойынша тиісті шаралар қабылдайды.

Қазіргі уақытта құзырлы органдар тарапынан тергеу амалдары басталды.

«Ақтөбе облысының әкімдігі марқұмдардың туған-туыстары мен жақындарына қайғыра көңіл айтады. Жергілікті атқарушы органдар тарапынан жерлеу рәсімін ұйымдастыруға көмек көрсетіліп, сондай-ақ қажетті материалдық және әлеуметтік қолдау көрсетілетін болады», – делінген хабарламада.

Полиция 1993 жылы туған әйел мен оның кәмелетке толмаған үш баласының мәйіті 9 ақпан күні шамамен сағат 12:00-де табылғанын хабарлады. Аталған дерек бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика