Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Абу-Дабиде өткен шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығын тапсыру рәсіміне қатысушыларға арнайы бейнеүндеу жолдады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы өз үндеуінде Әзербайжан Президенті Ильхам Әлиев пен Армения Премьер-министрі Никол Пашинянды беделді сыйлыққа ие болуымен құттықтап, бұл марапатты олардың парасатты көшбасшылығына берілген жоғары баға деп атады.
«Әзербайжан мен Арменияның бейбіт келісім жолында қол жеткізген жетістігі – тарихтың бетбұрыс кезеңі. Бұл қадам диалог жүргізіп, жауапкершілік таныта білсек, ұзақ жылдарға созылған қақтығыстың да түйінін тарқатуға болатынын дәлелдейді. Бұл тәжірибенің маңызы зор, өйткені аталған мысалдан татуласудың әлсіздік емес, мықтылықтың белгісі екенін көреміз», — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент сондай-ақ Қазақстанның бейбіт келіссөздердегі рөліне тоқталып, екі ел арасындағы келісімдердің негізгі кезеңінің Алматыда өтуін үлкен сенім деп бағалайтынын жеткізді.
«Бұл жағдай «сындарлы диалог – орнықты дамудың кепілі» деген ортақ көзқарасымызды айғақтайды. Қазақстан Еуразия кеңістігіндегі бейбітшілікті, сенім мен ынтымақтастықты нығайтуға бағытталған бастамаларды дәйекті түрде қолдап келеді», — деді Мемлекет басшысы.
Тоқаевтың пікірінше, Әзербайжан мен Армения басшыларының бейбітшілік орнатуға деген шынайы ниеті миллиондаған адамға үміт сыйлап, тату көршілік қатынастардың жаһандық күн тәртібінде қаншалықты маңызды екенін көрсетті.
Шейх Заид атындағы «Адамзат бауырластығы» сыйлығы – 2019 жылы тағайындалған тәуелсіз халықаралық марапат. Ол бейбітшілік пен өзара түсіністікті нығайтуға елеулі үлес қосқан тұлғаларға беріледі. Бұған дейін сыйлықты Рим Папасы Франциск, БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш, Иордания Королі II Абдалла сияқты танымал тұлғалар алған.
Фото: Әлеуметтік желіден
