Женевадағы жеңіс: Қарашығанақ арбитражы Қазақстан үшін неге тарихи белес?

Соңғы отыз жыл ішінде Қазақстанның мұнай-газ секторы «инвесторларға жайлы климат жасау» атты жазылмаған догманың аясында дамып келді. Біз шетелдік алпауыттардың технологиясы мен капиталына мұқтаж болған кезеңде көптеген дүниеге көз жұмдық, тіпті ұлттық мүдденің кейбір тұстарын құрбан етуге мәжбүр болдық. Алайда, уақыт өзгерді, мемлекет есейді. Швейцарияның Женева төрінде өткен Халықаралық арбитраждық соттың шешімі — бұл жай ғана заңгерлердің қағаз жүзіндегі жетістігі емес. Бұл — Қазақстанның экономикалық егемендігінің жаңа сапалық деңгейге көтерілгенін, өз байлығының нақты иесі екенін паш ететін тарихи акт, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат агенттігі.

Геосаяси контекст: «Тең теңімен» принципі және жаңа прагматизм

Қазіргі әлемдік энергетикалық нарық — санкциялар, жеткізу тізбегінің үзілуі және геосаяси текетірестердің ортасында тұр. Мұндай алмағайып заманда ресурстық қауіпсіздік кез келген мемлекеттің басты қаруына айналды. Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстан» тұжырымдамасы тек саяси реформалармен шектелмейді, ол ең алдымен ұлттық байлықтың әділ бөлінісін талап етеді.

Мемлекет басшысының тікелей саяси еркі мен халықаралық мінберлердегі қатаң ұстанымы бұл жеңістің басты драйвері болды. Біз ондаған жылдар бойы қалыптасқан «пассивті бақылаушы» рөлінен бас тарттық. Президенттің шетелдік серіктестермен келіссөздердегі «тең теңімен» принципі — бұл инвесторларға қарсы шығу емес, оларды заң мен әділдік аясында жұмыс істеуге шақыру. Женевадағы жеңіс Қазақстанның халықаралық деңгейдегі заңды талаптарын қорғай алатын, аргументі темірдей мықты, интеллектуалды деңгейі жоғары ойыншы екенін бүкіл әлемдік қоғамдастыққа паш етті. Бұл — Орталық Азиядағы көшбасшылық амбициямыздың экономикалық айғағы.

Кәсібилік мектебі: PSA ЖШС және Ізбастин Бекеттің стратегиялық соққысы

Бұл процестің негізгі драйвері, яғни, Қазақтың кетіп бара жатқан есесін кері қайтаруға бел шеше кіріскен — PSA ұйымы және оның бас директоры Бекет Ізбастинді айырықша атауға болады.

Инвесторлардың ісінен күдіктенген PSA тәуелсіз аудит шақырады. Күдік расталады: консорциум мемлекетке келісілмеген және экономикалық негізі әлсіз шығындарды ұсынған!Бұл, сөзсіз, Қазақстанның үлесін қысқартуға бағытталған әрекет еді.

Осыдан кейін Бекет Ізбастин басқаратын PSA Қарашығанақты тереңірек қазу керегін түсінеді!

2010 жылдан бергі он жылдан астам кезеңдегі қаржылық есептерді қайта қарап шыққанда консорциум тарапынан біраз бұрмалау кеткені анықталады.

Іс Лондон арбитражына тапсырылған, ағылшынның әділ соты PSA келтірген уәждерді орынды санайды, осылайша, Ізбастин табанды түрде Қазақстанның мүддесін қорғап, сотта жеңіп шығады!

Айтпақшы, бұл бірінші жеңіс емес, Қазақстан Қарашығанақ қатысушыларын осымен үшінші мәрте халықаралық арбитражда жеңіп отыр!

— 2012 жылғы дау нәтижесінде консорциум «ҚазМұнайГазға» жобаның 10% беруге мәжбүр болды.
— 2020 жылы 1,3 миллиард доллар өтемақы өндірілді!
— 2026 жылғы іс бойынша инвесторлар Қазақстанға 2-4 миллиард доллар аралығында қаражат қайтарады…

Мұнай сарапшылары, халықаралық даулар бойынша тәжірибесі бар білгіштер — Бекет Ізбастиннің PSA командасы тым қиын дауды Қазақстанға тиімді шеше алғанын «үлкен жеңіс, болашаққа бетбұрыс» деп бағалапты.

Компания басшысы Бекет Избастиннің жетекшілігімен жүргізілген жүйелі ревизия мен заңдық талдау инвесторлардың «шығындарды асыра көрсету» схемаларының астарын ашып берді. PSA сарапшылары инвесторлардың есеп-қисабындағы әрбір тиынды, әрбір техникалық шығынды жіпке тізгендей сараптап, олардың негізсіздігін халықаралық арбитраж алдында дәлелдеп шықты. Нәтижесінде «Қарашығанақ Петролиум Оперейтинг» (KPO) компаниясының бұрынғы есептері қайта қаралып, Қазақстанның үлесі заңды түрде бекітілді. Бұл — отандық менеджменттің халықаралық деңгейдегі мега-жобаларды бақылауға толық қауқарлы екенін, біздің заңгерлердің білімі батыстық сарапшылардан кем түспейтінін көрсеткен меже.

Бюджетке серпін: Миллиардтар қайда және қалай жұмсалады?

Сот шешімі бойынша инвесторлар төлейтін компенсация — бұл бюджеттің тесігін жамайтын уақытша қаржы емес, бұл — елдің болашағына салынған инвестиция. Бұл қаражаттың Мемлекеттік бюджетке немесе Ұлттық қорға бағытталуы стратегиялық маңызға ие:

  • Әлеуметтік инфрақұрылымның ренессансы: Төленетін өтемақы есебінен еліміздің шалғай өңірлерінде заманауи мектептер мен медициналық орталықтар салу жоспарлануда. Бұл — «жайлы мектеп» жобасының қарқын алуына тікелей септігін тигізеді.
  • «Ұлттық қор — балаларға» бағдарламасы: Әрбір қазақстандық баланың шотына түсетін қаражаттың көлемі осындай жеңістердің арқасында артады. Демек, бұл жеңістің жемісін әрбір отбасы сезінеді.
  • Технологиялық модернизация: Тозығы жеткен жылу электр орталықтары мен су жүйелерін жаңартуға арналған қосымша резерв қалыптасады. Бұл — энергетикалық тәуелсіздіктің кепілі.

Саяси және экономикалық резонансқа сарапшылар не дейді?

Отандық және халықаралық сарапшылар бұл оқиғаны Қазақстанның инвестициялық имиджінің «реанимациясы» деп бағалайды. Біз бұдан былай «шикізат беретін донор» емес, «ережемен ойнайтын серіктеспіз».

Олжас Байділдинов, энергетика саласының белгілі сарапшысы:

«Бұл — Қазақстанның мұнай-газ секторындағы ересек екенін дәлелдейтін қадам. Біз инвесторларды қуып жатқан жоқпыз, біз олардан жасалған келісімшарттар мен заңдардың әділ орындалуын талап етіп отырмыз. PSA-ның бұл жеңісі басқа ірі жобалар — Қашаған мен Теңіз үшін де заңды прецедент болады. Енді ешбір инвестор біздің есепті тексермейтінімізге сенімді бола алмайды.»

Марат Шибұтов, саясаттанушы:

«30 жыл ішінде біз үлкен мектептен өттік. Егер бұрын біз инвесторлардың кез келген шартына келісуге мәжбүр болсақ, қазір біздің заңгерлеріміз халықаралық аренада олардан кем түспейтінін көрсетті. Бұл — президенттік вертикальдың және мемлекеттік мүддені қорғайтын институттардың үйлесімді жұмысының жеңісі. Саяси ерік болған жерде, экономикалық нәтиже де болады.»

Жаңа дәуірдің жаңа ережелері

Қорыта айтқанда, Қарашығанақ ісі бойынша шыққан шешім — Қазақстанның халықаралық инвестициялық аренадағы жаңа бейнесін түпкілікті қалыптастырды. Біз сенімді серіктеспіз, бірақ өз үлесімізді, халқымыздың несібесін ешкімге бермейтін, құқығын қорғай алатын есті елміз.

Бұл жеңістің үш негізгі сабағы бар:

  1. Жауапкершілік: Халықаралық инвесторлар енді әрбір есепті, әрбір шығынды мұқият негіздеуге тиіс.
  2. Экономикалық пайда: Ел қазынасына түсетін миллиардтаған доллар әлеуметтік тұрақтылықты нығайтады.
  3. Халықаралық репутация: Қазақстан халықаралық арбитраждарда жеңе алатын мемлекеттердің санатына қосылды.

Бұл — «Әділетті Қазақстанның» құрғақ ұран емес, нақты нәтиже екенінің, Президент Тоқаевтың стратегиялық бағытының дұрыстығының басты айғағы. 30 жыл күткен бұл жеңіс — болашақ ұлы жетістіктердің бастауы ғана.

Фото: ҚазақТудэй коллаж

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика