Қаңтар қорытындысы бойынша теңге долларға шаққанда 0,9%-ға нығайып, 501,24 теңге болды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Ұлттық Банк дерегінше, Қазақстан қор биржасындағы сауда-саттықтың орташа тәуліктік көлемі бір айда 359 млн доллардан 306 млн долларға дейін төмендеген. Ал жалпы сауда-саттық көлемі 5,8 млрд долларды құрады.
Республикалық бюджетке трансферттерді қамтамасыз ету үшін қаңтарда Ұлттық қордан 350 млн АҚШ доллары сатылды. Бұл – жалпы сауда-саттық көлемінің 6%-ы. Күніне сатылған валюта мөлшері 18,5 млн доллардан аспаған.
«Үкіметтің алдын ала болжамды өтінімдері мен күтілетін фискалдық түсімдерді ескере отырып, ақпан айында Ұлттық қордан 350-450 млн АҚШ доллары көлемінде валюта сату жоспарланып отыр», – деп хабарлады Ұлттық Банк.
