Президент Қасым-Жомарт Тоқаев болашақта Конституцияға қандай да бір өзгеріс енгізу қажет болса, ол тек референдум арқылы жүзеге асырылуы керек екенін мәлімдеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Мемлекет басшысы Ата заңды кез келген елдің басты құжаты әрі темірқазығы деп атап, оны құрметтеудің маңызына тоқталды.
«Конституция, бұл – кез келген елдің ең басты жол көрсететін құжаты, темірқазығы. Конституцияны бәріміз білуіміз керек, бағалауымыз қажет. Сондықтан егер болашақта Конституцияға қандай да бір өзгерістер, тіпті, шағын өзгерістер енгізу керек болып жатса, ондай қадамды тек референдум арқылы ғана жасауға болады деген ойдамын», — деді Президент.
Оның айтуынша, бұл тәсіл халықтың азаматтық құқығын күшейтудің маңызды жолы болып саналады. Сонымен қатар, арнайы комиссия Конституцияға қатысты барлық ұсынысты мұқият саралап шыққаны белгілі болды.
«Мұқият ойластырылған түзетулер Конституцияның барлық негізгі бөлімдері мен баптарын, преамбуласын түгел қамтитын болады», — деп толықтырды Мемлекет басшысы.
Фото: Әлеуметтік желіден
