Америкалық CSIS стратегиялық және халықаралық зерттеулер орталығы Ресей мен Украина соғыста қаза тапқан және жараланған әскерилерінің жалпы санына қатысты баяндамасын жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Орталық сарапшыларының бағалауынша, 2022 жылғы ақпандағы басқыншылықтан бері Ресейдің жалпы шығыны 1,2 миллионға дейін жеткен, оның ішінде 325 мыңы қаза тапқан.
Бұл көрсеткіш BBC Орыс қызметі мен «Медиазона» басылымының ашық дереккөздер негізінде жүргізген есебімен шамалас. Алайда бұл санға Украинаға қарсы соғысқан сепаратистік құрылымдардың жауынгерлері қосылса, көрсеткіш едәуір артуы мүмкін.
Сонымен бірге жараланғандардың санын есептеу әлдеқайда қиын. Себебі жаралылар туралы ақпарат БАҚ-та сирек жарияланады әрі олар емделгеннен кейін қайтадан майданға жіберіліп, жаңадан жарақат алуы ықтимал.
«Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін әлемнің бірде-бір жетекші мемлекеті ешбір соғыста мұндай шығынға ұшырамаған», — делінген CSIS баяндамасында Ресейдің жағдайы туралы.
CSIS мәліметінше, Украина Қарулы күштері басқыншылық басталғалы бері 500 мыңнан 600 мыңға дейін сарбазынан айырылған. Оның ішінде 100 мыңнан 140 мыңға дейінгі әскери қызметші қаза тапқан.
