Фото: ФК «Қайрат»
Алматылық Қайрат Чемпиондар лигасы аясында өз алаңында өткізген соңғы кездесуінде бельгиялық Брюгге командасынан 1:4 есебімен жеңіліс тапты. Бұл туралы Qazaqtoday.info ақпарат порталы хабарлады.
Аталған матчтан кейін «Қайраттың» тәжірибелі футболшысы Еркін Тапалов сәтсіздіктің негізгі себептерін түсіндірді. Оның сөзінше, командада қазір ойын ырғағы байқалмайды.
«Қазір біз қажетті қарқынды жоғалтып алдық. Чемпионаттың аяқталғанына екі айдан аса уақыт өтті. Қазіргі деңгейіміздің осындай екенін мойындау керек», – деді ол Asnews.kz-ке берген сұхбатында.
Сондай-ақ футболшы бұл кездесу күз айларында, «Қайраттың» өз стадионында өткенде нәтиже мүлде басқаша болуы мүмкін екенін атап өтті.
«Егер ойын қазан не қарашада өткенде, жағдай өзгеше өрбитін еді. Өз алаңымыз, өз жанкүйерлеріміз болар еді, ең бастысы – жақсы формада жүретін едік. Қазір жұмысымызды жалғастырып, “Арсеналмен” болатын матчқа дайындаламыз. Бұл ойын турнирлік тұрғыда шешуші болмаса да, жақсы ойын көрсетуге міндеттіміз. Уақыт бар, Лондондағы кездесуге тыңғылықты әзірленеміз», – деді ол.
Айта кетейік, «Қайрат» сапынан жалғыз голды Әділет Сәдібеков соқты. Ал бұл матчта Дастан Сәтпаев алаңға шыққан жоқ. Оның 29 қаңтарда Арсенал-ға қарсы өтетін кездесуге де қатыспауы мүмкін.
