Қазақстанда алдағы үш күнде ауа райы күрт құбылады. Синоптиктер 20-22 қаңтар аралығында елдің басым бөлігінде қар жауып, боран соғатынын ескертті, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
«Алдағы үш тәулікте, яғни 20-22 қаңтар аралығында, Қазақстандағы ауа райын атмосфералық фронттар анықтайтын болады», — деп хабарлады «Қазгидромет» РМК.
Елдің басым бөлігінде қар жауып, бұрқасын соғады және жел күшейеді. Оңтүстік өңірлерде жауын-шашын (жаңбыр, қар) болады, ал 22 қаңтарда таулы аудандарда қалың қар жаууы ықтимал. Сондай-ақ республика бойынша тұман түсіп, оңтүстік пен оңтүстік-шығыста көктайғақ болуы мүмкін.
Ауа райының ең қатты өзгеруі 22 қаңтарда елдің солтүстігінде байқалады. Синоптиктердің болжауынша, Жаңа Жер жақтан жылжыған антициклон ауа температурасын түнде -25…-38 градусқа дейін, ал күндіз -20…-30 градусқа дейін төмендетеді.
Алайда, еліміздің батыс, оңтүстік-батыс, оңтүстік және оңтүстік-шығыс аймақтарында, керісінше, күн біртіндеп жылынады. Күндіз оңтүстікте ауа температурасы -5 градустан +3 градусқа дейін, ал батыста -5…-13 градус аралығында болады.
Фото: Әлеуметтік желіден
