Елордада интернет-алаяқтық өршіп тұр: соңғы бір аптаның ішінде 150-ге жуық адам алаяқтардың арбауына түсіп, ақшасынан айырылған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Бұл туралы Астана қалалық Полиция департаменті бастығының орынбасары Рустам Жұмағұлов өткізген брифингте белгілі болды. Оның айтуынша, жәбірленушілердің басым бөлігі танымал сауда алаңдарындағы жалған хабарландыруларға сеніп, фишингтік сілтемелер арқылы ақша аударған.
«Азаматтарға тағы да ескертеміз: бейтаныс адамдарға жеке деректеріңізді, әсіресе банк картасының құпия кодын бермеңіздер. Кез келген күмәнді қоңырау немесе хабарлама келіп түссе, бірден полицияға хабарласыңыздар», — деді Рустам Жұмағұлов.
Департамент өкілі қазіргі уақытта барлық дерек бойынша тергеу амалдары жүріп жатқанын және ІІМ киберқылмыспен күрестің жаңа тәсілдерін енгізуді жоспарлап отырғанын атап өтті.
