Димаш Құдайберген Перуде алғаш рет өнер көрсетеді
Димаш Құдайберген DIMENSIONS турнесі аясында Перуге келді. Лима әуежайында жанкүйерлер қарсы алды. Концерт 1 желтоқсанда Costa 21 алаңында өтеді.
Сурет: madeniportal.kz
Әлемге аты мәшһүр қазақстандық әнші Димаш Құдайберген DIMENSIONS әлемдік турнесі аясында Перуге ат басын бұрды. Өнер иесін Лима қаласының әуежайында жанкүйерлері ерекше қарсы алды. Жұрттың әншіні қоршап алған сәті әлеуметтік желіде кең тарады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Димаштың Перу астанасындағы жеке концерті 1 желтоқсанға жоспарланған. Қазақстандық әнші Costa 21 концерт алаңында өнер көрсетпек. Teleticket билет операторының мәліметінше, бұл — әншінің Перудегі тұңғыш концерті.
Перу сапарының алдында Димаш Мексиканың Мерида, Монтеррей, Гвадалахара және Мехико қалаларында бес концерт өткізді. Сондай-ақ 22 қарашада Колумбия астанасы Боготада, 24 қарашада Чили астанасы Сантьягода өнер көрсетті. Әншінің Чилидегі алғашқы жеке концерті аншлагпен аяқталды.
Әншінің ресми ақпараттық порталы DimashNews жариялаған тур кестесіне сәйкес, Лимадағы концерттен кейін Димаш 12 желтоқсанда Индонезияда өнер көрсетеді. Ал Перудегі концерт жергілікті уақыт бойынша сағат 20:30-да басталады деп жоспарланған.
Айта кетейік, бұған дейін Димаштың Мехикодағы концертінде күтпеген жағдай болған еді. Әнші «Bésame mucho» әнін орындап жатқанда жанкүйер қыз оны сүйіп алған. Оқиғаның видеосы әлеуметтік желіде қызу талқыланды.
