Путин: Қазақстанмен тауар айналымы 30 млрд долларға жақындады
Ресей Президенті Владимир Путин Қазақстанға сапары үшін Қасым-Жомарт Тоқаевқа алғыс айтып, екіжақты тауар айналымының 30 млрд долларға жақындағанын және ұлттық валютамен есеп айырысу үлесінің 90 пайыздан асқанын мәлімдеді.
Фото: Ақорданың Telegram-арнасы
Ресей Президенті Владимир Путин Қасым-Жомарт Тоқаевқа сапармен келгені үшін алғыс айтып, екіжақты қарым-қатынастың қарқынды дамып келе жатқанын атап өтті. Ол Қазақстан мен Ресей басшыларының Қазақстанда да, Ресейде де, сондай-ақ түрлі халықаралық іс-шаралар алаңында ұдайы кездесіп жүргенін еске салды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
– Бұл жолы Сіз жасанды интеллектіні дамыту саласында «Сбербанк» ұйымдастырған конференцияның құрметті қонағы ретінде келіп отырсыз. Қазақстанда ақпараттық технологияларды дамытуға баса мән беретініңізді білемін. Сізге сала мамандарының ой-пікірін тыңдау, жастармен, оқушыларымен және студенттермен сұхбаттасу, Ресей мен Қазақстанның жоғары технологиялар, соның ішінде жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастығы жайында әңгіме өрбіту қызықты боларына сенімдімін. Екі елдің тауар айналымы қарқынды түрде өсіп келеді. Отыз миллиард долларлық межеге жақындап қалды. Ұлттық валюталарымыз арқылы есеп айырысу үлесі артып, 90 пайыздан асты. Үкіметаралық комиссия қос тарапта да белсенді жұмыс істеп жатыр. Жалпы алғанда, барлық бағытта ойдағыдай ілгерілеп келеміз. Меніңше, біздің тұрақты кездесулеріміз осы үдерістің қарқын алуына белгілі бір деңгейде оң әсер етіп отыр, – деді Ресей Президенті.
Мемлекеттер басшылары сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастықты одан әрі дамыту, сондай-ақ энергетика, өндіріс, ауыл шаруашылығы, көлік-логистика салаларында бірлескен жобаларды іске асыру мәселелерін талқылады.
Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин халықаралық және өңірлік күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша пікір алмасты.
