Алтай өлкесінде газ жарылған үйдің қирандылары астында адамдар қалуы мүмкін, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.  

Қазіргі уақытта үйінділердің 60 пайызы ғана тазартылған. Төтенше жағдай кеше таңертең болған. Газ жарылысынан көпқабатты үйдің кіреберісіндегі жоғарғы қабаттар опырылып, кейін өрт шыққан. Оқиға салдарынан бір адам қаза тапқан.

Дәрігерлердің көмегіне бір адам жүгінген. Өзге зардап шеккендер туралы ақпарат нақтыланып жатыр.

«Газ жарылып, артынша өрт шығып, ғимараттың бір бөлігі опырылған Кулунда аудан орталығындағы бес қабатты үйде құтқару жұмыстары жалғасып жатыр. Қазір апат салдарын жою жұмыстарын жеделдетуге басымдық берілген. Төтенше жағдай қызметінің өрт сөндірушілері үйінділерді аршып жатыр. Қирандылар астында адамдар болуы мүмкін», – делінген хабарламада.

Құтқарушылар ғимараттан алты тұрғынды эвакуациялаған. Тағы 20 адам өздігінен сыртқа шыққан. Олардың бір бөлігі уақытша орналастыру пункттерін паналаған.

Оқиғаға байланысты тергеушілер қауіпсіздік талаптарына сай келмейтін қызмет көрсету дерегі бойынша қылмыстық іс қозғады. Прокуратура үйдегі газ жабдықтарының жұмысын тексермек.

Алдын ала мәлімет бойынша, Алтай өлкесіндегі бес қабатты үйде болған газ жарылысынан төрт пәтер толығымен қирап, тағы сегіз пәтерге жартылай зақым келген.

«Оқиға салдарынан төрт пәтер қирап, сегіз пәтер жартылай бүлінді», – делінген хабарламада.