Астанада тұрғын үй кешенінің ауласынан 26 жастағы жігіттің денесі табылды
Фото: Видео скриншот
Елордадағы тұрғын үй кешендерінің бірінің ауласынан 26 жастағы ер адамның мәйіті табылды. Аталған дерек бойынша Астана полициясы сотқа дейінгі тергеу амалдарын бастады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Қалалық полиция департаментінің алдын ала мәліметінше, ер адам тұрғын үйдің кіреберісіндегі қылтимадан құлаған. Құқық қорғау органдары марқұмның жеке басын анықтап, бейнебақылау камераларындағы жазбаларды зерделеуге алған.
Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері оқиғаның мән-жайын анықтап жатыр. Тергеу барысына қатысты өзге ақпарат әзірге жарияланған жоқ.
Әлеуметтік желілерде тараған мәліметтерге сүйенсек, қайғылы оқиға Астананың сол жағалауындағы «Лазурный квартал» тұрғын үй кешенінде болған болуы мүмкін. Алайда бұл ақпарат ресми түрде расталған жоқ.
Айта кетейік, қараша айының басында елорданың Есіл ауданында екі жасөспірім қыздың қаза тапқаны туралы хабар тараған еді.
