Қарагөз Сүлейменова Әлия Бөпежанова туралы алғаш рет ашық пікір білдірді
Әнші Қарагөз Сүлейменова әкесі Асқар Сүлейменовтің екінші жұбайы Әлия Бөпежанова туралы алғаш рет ашық пікір білдіріп, отбасылық қарым-қатынас пен қолжазбалардың қайтарылмауы жайлы айтты.
Сурет: sn.kz
Әнші Қарагөз Сүлейменова жазушы Асқар Сүлейменовтің екінші жұбайы ретінде танылған әдебиеттанушы, жазушы Әлия Бөпежанова туралы алғаш рет ашық пікір білдірді. Ол журналист Жанар Байсемізге берген сұхбатында әкесінің Әлия Бөпежановамен қарым-қатынасы қалай өрбігенін айтып, олардың заңды некеге тұруына қатысты мән-жайды баяндады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Қарагөз Сүлейменованың айтуынша, Әлия Бөпежанова өзін жазушының зайыбы деп атағанымен, әкесі онымен бірден отбасын құрмаған. Әншінің сөзінше, әдебиеттанушы Асқар Сүлейменовке шәкірт ретінде келіп жүрген. Кейін олардың арасында ортақ бала дүниеге келген.
«Ол екінші рет шаңырақ көтерді деп айта алмаймын. Әлия Бөпежанова “жазушының зайыбымын, әйелімін” дейді. Бірақ, ақиқаты олай емес. Иә, арада қыз бар. Бірақ, ол кісі әкемді құлай сүйді, жақсы көрді. Ол кісі әкеме шәкірт сияқты еді, келетін, кететін. Кейде үйге қонып қалатын, неге екенін білмеймін. Бәлкім әкем шығарып салсын дейтін шығар, бірақ әкем шығарып салмайтын. Кейіннен мынадай жағдай болды, көтеріп қалды», – деді ол.
Әншінің әңгімелеуінше, Әлия Бөпежанованың жүкті екені белгілі болғаннан кейін де отбасында бірқатар жағдай орын алған. Қарагөздің айтуынша, әкесі баласы дүниеге келген соң перзентханаға бармаған. Кейін қызға тегін беру үшін ғана заңды некеге тұрған.
«Айтотым оған барып “ішіңде түйін бар екен, олай болса үйге жүр” деді. Ол кісі “жоқ, ондай нәрсе жоқ” деді. Бұл бірінші алдағаны болды. Екіқабат екені белгілі болды, туды. Он күн ауруханада жатты, әкем барған жоқ. Ол кезде олар заңды некеде болмады, әкемде ондай болған жоқ. “Тегіңізді бересіз бе” деді, “берем” деді. Үш айға дейін бала метриканы алған жоқ. Ана кісі қоймағаннан кейін, балаға тегін беру үшін ғана заңды некеге тұрды», – деп еске алды Қарагөз Сүлейменова.
Сонымен қатар әнші әкесі өмірден өткеннен кейін оның шығармашылық мұрасын жинақтап, кітап етіп шығаруға атсалысқан Әлия Бөпежановаға алғысын білдірді. Дегенмен әкесінің қолжазбалары мен жеке қағаздарын кейін қайтарып ала алмағанына әлі де ренжулі екенін жасырмады.
Қарагөздің сөзінше, әкесі қайтыс болғаннан кейін оның қағаздары өзіне берілген. Алайда Әлия Бөпежанова оларды реттеп, кітап етіп шығару үшін сұрап алған. Әнші бұл еңбегі үшін ризашылығын білдіргенімен, кейін құжаттарды түгелдей қайтаруды өтінген.
«Әкем қайтыс болғаннан кейін 2-3 айдан кейін бүкіл әкемнің қағаздарын Айтоты “сенде болсын” деп маған берді. Әлия апай хабарласып “қағаздарды маған берші, мен соны реттейін” деп сұрады. Артымда жаман ой жоқ. Эфирде айту керек, ол кісіге ризамыз. Әкемнің қағаздарын реттеп, кітап қылып шығарғаны үшін. Әрине барлық жерде “құрастырған Әлия Бөпежанова” деп тұрады. Әрине ол кісі баспалармен сөйлесті. Өйткені, өмір бойы кітап төңірегінде жүрген адам, оған ризашылығымыз шексіз. Ол кісіге тағы да үлкен рақметім мен алғысымды білдіремін», – деді әнші.
Алайда Қарагөз Сүлейменованың айтуынша, қолжазбаларды қайтару туралы өтініші орындалмаған. Оның сөзінше, әкесінің бастапқы құжаттарының басым бөлігі өзіне қайтпаған.
«Бірақ, кейін бір күні “әкемнің қағаздарын маған қайтарып беріңізші” деп сұрадым. 100%-дың бәлкім 10%-ы қалған шығар, оның үстінде ксерокстан өткен дүниелер. Сонда бұл менің ешқандай жаман ойламағаным ғой. Маған ол қағаздар қайтқан жоқ, күні бүгінге дейін ол кісіге осы үшін наразымын. Ол менің әкемнің қағазы, оны сізге берген жоқ. Менің қолымнан алған дүниені маған неге қайтарып бермейсіз? Себебі, ол сізге керек болып тұр. Жазушының зайыбы болып сіз көрсетуіңіз керек. Бірақ адами тұрғыда бұл дұрыс емес», – деп түйіндеді Қарагөз Сүлейменова.
