Негізгі мазмұнға өту
Жексенбі, 18 қазан 2026 $ 452,3↓€ 508,4↓₽ 5,48↑
  • Жарнама
  • Жоба туралы
  • СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚ
    Астана мен Алматыдағы ақша айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы • Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы оқу орнын мемлекетке сыйлауға шешім қабылдады • Дариға Бадықова Олжас Абайдың үйлену ұсынысын қалай жасағанын айтты • Бельгия королевасы Астанада қазақ зергерінің гауһар сырғасын тақты • Түркістанда «Кітаппен кемелденген ұлт» дөңгелек үстелі өтті • Ұлттық ғылым академиясы 80 жылдығын атап өтті: Тоқаевтың құттықтауы оқылды • Астана мен Алматыдағы ақша айырбастау пункттеріндегі валюта бағамы • Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы оқу орнын мемлекетке сыйлауға шешім қабылдады • Дариға Бадықова Олжас Абайдың үйлену ұсынысын қалай жасағанын айтты • Бельгия королевасы Астанада қазақ зергерінің гауһар сырғасын тақты • Түркістанда «Кітаппен кемелденген ұлт» дөңгелек үстелі өтті • Ұлттық ғылым академиясы 80 жылдығын атап өтті: Тоқаевтың құттықтауы оқылды •

    Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы оқу орнын мемлекетке сыйлауға шешім қабылдады

    Қазақ ұлттық спорт университетінің (KNUS) негізін қалаушы Нұрасыл Медеу жоғары оқу орнын мемлекетке сыйлау беру туралы шешімін жариялады.

    Қазақ ұлттық спорт университетінің негізін қалаушы оқу орнын мемлекетке сыйлауға шешім қабылдады

    Бұл туралы ол университетте өткен салтанатты жиында мәлімдеді. Оның айтуынша, оқу орнын мемлекетке беру бастапқы кезден ойластырылған қадам болған.

    «Кез келген алыпқашпа әңгімеге нүкте қойғым келеді. Бұл – сату да емес, сенімгерлік басқаруға беру де емес, мәжбүрлі түрде жасалған қадам да емес. Бұл – туған еліме жасалған өтеусіз сый», – деді Нұрасыл Медеу.

    Университет 2021 жылы Дене шынықтыру және бұқаралық спорт академиясы ретінде ашылған. Алғашқы жылы мұнда 150 студент оқыса, қазір білім алушылар саны бес мыңға жуықтаған. Осы уақыт аралығында оқу орны жаңа білім беру бағдарламаларын іске қосып, спорт ғылымы мен халықаралық ынтымақтастық бағыттарын дамытқан.

    Нұрасыл Медеудің сөзінше, оның бастапқы мақсаты Қазақстанда әлемдік деңгейдегі спорт университетін қалыптастыру болған. Ол жастардың сапалы білім алуына, ғылыми жұмыстармен айналысуына және кәсіби спортта жоғары нәтижеге жетуіне мүмкіндік беретін оқу орнын құруды көздеген.

    Бес жыл ішінде университет базасында бірнеше халықаралық жоба жүзеге асырылды. Халықаралық киберспорт федерациясымен бірге киберспорт зертханасы, Қытайдың «Синьхуа» ақпарат агенттігінің қатысуымен Sport Media Lab зертханасы ашылды. RITA халықаралық жобасы аясында Құтқару спорты орталығы құрылды. Ал Дүниежүзілік допингке қарсы агенттікпен (WADA) ынтымақтастық негізінде Орталық Азияның білім беру хабы іске қосылды.

    Сондай-ақ Халықаралық Олимпиада комитетімен бірлесіп Олимпиадалық зерттеулер, білім беру және мұра орталығы ашылған. Венгрияның Спорт және ғылым университетімен спорттағы озық тәжірибе мен тұрақты даму орталығы құрылған. «БҰҰ-Әйелдер» ұйымының қолдауымен Women in Sport Kazakhstan жобасы жүзеге асырылып жатыр.

    KNUS шетелдік университеттермен қос дипломды білім беру бағдарламаларын да дамытып келеді. Eclore Business School оқу орнымен ынтымақтастық аясында алғашқы 20 магистрант қос диплом алған. Қазір Швеция, Корея Республикасы, Италия және Польша жоғары оқу орындарымен осы бағыттағы жұмыс жалғасуда.

    Университетте талантты жастарға арналған екі грант бағдарламасы бар. Merit Grant оқу ақысын толық өтейді. Ал Life Chance Grant оқу ақысымен бірге ай сайынғы шәкіртақыны, тәлімгерлік қолдауды, жатақханада тұруды және шетелде білім алуды қаржыландыру мүмкіндігін қамтиды. Бұл қолдау, әсіресе, шалғай ауылдардан келген талапкерлерге арналған.

    Нұрасыл Медеу университетті мемлекетке беру студенттер алдындағы міндеттемелерге әсер етпейтінін айтты. Оның мәлімдеуінше, бұрын тағайындалған құрылтайшы гранттары оқу мерзімі аяқталғанға дейін толық қаржыландырылады. Ол үшін қажетті қаражат университеттің есепшотына орналастырылған, ал тиісті міндеттемелер заң жүзінде бекітіледі.

    Жиында студенттердің спорттағы жетістіктері де айтылды. Нұрасыл Медеудің келтірген мәліметіне сәйкес, 2026 жылы Жапонияда өткен Азия ойындарында Қазақстан атынан қатысқан университеттің 17 студентінің 14-і жүлделі орын алған.

    «Университет дегеніміз – ғимарат пен қабырғалар ғана емес. Оның басты байлығы – білікті оқытушылар құрамы, бірегей білім беру бағдарламалары, дұрыс ұйымдастырылған оқу үдерісі және жүйелі тәрбие жұмысы», – деді негізін қалаушы.

    Салтанатты жиында оқу орнының дамуына үлес қосқан оқытушылар мен қызметкерлерге Құрмет грамоталары және Алғыс хаттар табысталды. Құрылтайшы гранттарын жеңіп алған студенттерге сертификаттар берілді. Іс-шара аясында университет студенттері ұлттық нақыштағы би орындады.

    Нұрасыл Медеу бұл шешімді жастар мен отандық спорттың болашағына қосқан үлесі деп атады. «Біз құрғанның барлығы жастарға, отандық спортқа және елімізге қызмет етуі керек», – деді ол. Университеттің мемлекетке сыйлауы білім беру, спорт ғылымы және халықаралық әріптестік бағытындағы жұмысты жалғастыруға негіз болмақ.

    Мақаланы бағалаңыз 👇

    Ұқсас жаңалықтар

    Барлығы →