Қонаевта бес қабатты тұрғын үйдің шатыры өртенді, 120 адам эвакуацияланды
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында бес қабатты тұрғын үйдің шатыры өртенді. Құтқарушылар 120 адамды, оның ішінде 30 баланы эвакуациялады. Зардап шеккендер жоқ.
Сурет: Видеодан скриншот
Алматы облысының орталығы Қонаев қаласында бес қабатты тұрғын үйдің шатыры өртке оранды. Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметі хабарлағандай, оқиға орнына өрт сөндіру бөлімшелері шұғыл жіберілді.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Алғашқы бөлімшелер келген кезде бес қабатты тұрғын үйдің шатыры ашық жалынмен жанып жатқаны анықталды. Өртті сөндіруге дереу өрт сөндіру оқпандары беріліп, оқиға орнында жедел өрт сөндіру штабы құрылды. Өртті сөндіру барысында құтқарушылар ғимараттан 120 адамды, оның ішінде 30 баланы эвакуациялады», — делінген ведомство хабарламасында.
Өрт толықтай сөндірілді. Зардап шеккендер жоқ.
Бұған дейін Семейде ағаш кесу цехы өртке оранғаны хабарланған.
