Тоқаев Германиямен жасанды интеллект саласындағы ынтымақтастықты кеңейтуді ұсынды
Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германия арасындағы жасанды интеллект және цифрлық технологиялар саласындағы ынтымақтастықты жаңа деңгейге көтеруді ұсынды.
Фото: Ақорда
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Германия арасындағы ынтымақтастықты жасанды интеллект пен цифрлық технологиялар саласында жаңа деңгейге көтеруге ерекше назар аударды. Президент еліміздің осы бағыттағы жетістіктерін атап өтіп, неміс ғылыми мекемелері мен компанияларын бірлескен жобаларды жүзеге асыруға шақырды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
AI-Sana бағдарламасы аясында 700 мың студент жасанды интеллект саласы бойынша сертификатталған машыққа ие болды. Alem.cloud суперкомпьютер кластері орнатылды. Жасанды интеллект саласында арнаулы зерттеу университеті ашылды. Өңірде алғашқылардың бірі болып, жасанды интеллект туралы заң қабылданды. Сонымен қатар суперкомпьютер технологиясын дамыту қолға алынды. Бұл немістің ғылыми мекемелерімен және өндіріс орындарымен ынтымақтастыққа жол ашады. Технологияға әуес жастар неміс компаниялары мен зерттеушілеріне сенімді серіктес бола алады. Қазақстан қолданбалы цифрлық шешімдер мен Индустрия 4.0 технологиясын сынақтан өткізетін алаң ұсынады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент қазақ пен неміс халықтарының арасындағы ақыл-ой иелерінің тарихи тамырластығына тоқталды. Қазақтың ұлы ақыны әрі ойшылы Абай Құнанбайұлы Иоганн Вольфганг фон Гётенің өлеңін «Қараңғы түнде тау қалғып» деп қазақ тіліне сәтті аударғанын еске салды. Мемлекет басшысы осы рухани үндестік қос халықтың зияткерлік байланысына негіз болғанын айтты.
Қасым-Жомарт Тоқаев сөзін қорыта келе, Германия мен Қазақстанның жетекші университеттері мен ғылыми институттарының басшыларын жаңа жобаларды бірлесе атқаруға шақырды.
