Каспийдегі қаза болған әскерилердің отбасыларына қаражат жинау ресми түрде аяқталды
Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскерилердің отбасыларына қаражат жинау ресми түрде аяқталды. Қорда қажетті қаржы жинақталып, қаражат әділ бөлінеді.
Сурет: newtimes.kz
Каспийдегі оқу-жаттығу кезінде қаза тапқан әскери қызметшілердің отбасыларына арналған қаражат жинау тоқтатылды. Бұл туралы Қазақстан халқы кеңесінің мүшесі, Маңғыстау облысы қоғамдық кеңесінің төрағасы Бекмұрат Жүсіпов тиісті мәлімдеме жасап хабарлады.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
«Құрметті қазақстандықтар! Білеттеріңіздей, мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың тапсырмасымен қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккен әскери қызметшілерге барлық қажетті көмек пен қолдау көрсетілуде. Түскен қаражатты жинақтау үшін арнайы қор құрылды. Қордың қызметін бақылау жөніндегі комиссияны маған сеніп тапсырды. Бүгінгі таңда қорда қажетті көлемдегі қаржы жинақталды. Бұған Қазақстан халқы кеңесінің мүшелері, Құрылтай депутаттары, саяси партиялар, кәсіпкерлер, меценаттар және еліміздің бейжай қарамаған өзге де азаматтарының арқасында қол жеткізілді. Осыған байланысты қаражат жинау ресми түрде аяқталды», – деп түсіндірді қоғам қайраткері.
Ол жақын арада бұл қаражаттың қаза тапқандардың отбасылары мен зардап шеккендер арасында әділ әрі тең бөлінетінін айтты. Бүкіл үдерістің ашықтығын комиссия құрамына кірген мемлекеттік және құқық қорғау органдарының өкілдері де қадағалайды.
«Жүргізіліп жатқан жұмыс туралы сіздерге тұрақты түрде хабарлап отырамын. Қаржылай көмек айырылу ащысын орнына келтіре алмайтынын түсінеміз. Бірақ біздің парызымыз – осы қиын сәтте отбасыларға жан-жақты қолдау көрсету. Сіздер қайғыларыңызбен жалғыз қалмайсыздар. Барлық қазақстандықтарға сенімдері мен ортақтастықтары үшін алғыс айтамыз», – деді Бекмұрат Жүсіпов.
24 қыркүйекте Каспий теңізіндегі оқу-жаттығу кезінде ауа райының нашарлауы мен желдің күшеюі салдарынан теңізге 17 әскери қызметші ағып кетті. Олардың 14-і қаза тапты, үшеуі аман қалды.
25 қыркүйек Қазақстанда жалпыұлттық аза тұту күні деп жарияланды.
Оқиға бойынша екі қылмыстық іс қозғалды: Қылмыстық кодекстің 453-бабының 2-бөлігі («Қызметке немқұрайлы қарау, ауыр зардаптарға әкеп соқтыру») және 465-бабы («Кеме жүргізу ережелерін бұзу») бойынша. Күдіктілер анықталып, Қорғаныс министрлігі жүйесінің бес лауазымды тұлғасы ұсталды.
