Қарағандыны түтін басты: Майқұдық тұрғындары демалу мүмкін емес деп шағымданды
Қарағандыда дала өртінен кейін Майқұдық тұрғындары ауаның түтіндегенін айтып шағымданды. Өрт 7 гектар жерді шарпыған, сөндіруге 35 маман мен 8 техника жұмылдырылды.
Қарағандыда дала өртінен кейін қаланың бірнеше бөлігін қою түтін қаптап, күйік иісі шықты. Әлеуметтік желілерде Майқұдық тұрғындары ауаның қатты түтіндегенін жеткізіп, «демалу мүмкін емес» деп арызданды.
Бұл туралы Qazaqtoday.info сайты хабарлайды.
Өрт Әлихан Бөкейхан ауданындағы «Восток» шағынауданының Сахалин учаскесінде тұтанып, шамамен 7 гектар жерді шарпыған. Ағаштар, бұталар, құрғақ шөп және қоқыс өртенген, жалынның әрі қарай таралуы тоқтатылған.
Өртті сөндіруге 35 маман мен 8 техника жұмылдырылып, құтқарушылар жекелеген ошақтарды толық сөндіру жұмыстарын жалғастырды. Өрттің шығу себебі анықталып жатыр.
