Ауғанстанда 4 миллион бала аштыққа ұшырауы мүмкін
Ауғанстанда 12 провинцияда балалардың ауруханаға түсуі көбейді. БҰҰ ескертуінше, көмек болмаса, 4 млн бала аштыққа ұшырауы мүмкін.
Сурет: egemen.kz
Ауғанстанда балалар арасындағы дұрыс тамақтанбау мәселесі алаңдатарлық деңгейге жетті. Елдің 12 провинциясында қатты әлсіреген балалардың ауруханаға түсу жағдайы жиілеп кеткен. Олардың 80 пайызы — екі жасқа толмаған сәбилер, деп хабарлайды Qazaqtoday.info сайты.
Біріккен Ұлттар Ұйымы ескерту жасады: егер халықаралық көмек көрсетілмесе, жыл соңына дейін Ауғанстанда шамамен төрт миллион бала жіті тамақтану жетіспеушілігінен зардап шегуі мүмкін. Миллиондаған ауғандық бала аштық алдында тұр.
Дәрігерлердің айтуынша, бұл жағдайдың қауіптілігі — бала ағзасы қоректік заттар жетіспеген кезде өзін-өзі іштен бұза бастайды. БҰҰ мәліметінше, биыл Ауғанстанда балалардың салмақ жоғалту көрсеткіші 75 пайызға артқан. Мамандар бұл көрсеткішті аса қауіпті деңгей деп бағалайды.
