Алматы облысында жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасалды (ВИДЕО)
Фото: polisia.kz
Алматы облысында жанармай құю бекетіне қарақшылық шабуыл жасағандар көп ұзамай қолға түсті, деп хабарлайды Qazaqtoday.info.
Облыстық ПД мәліметінше, күдіктілерді анықтауда Жедел басқару орталығының қызметкерлері шешуші рөл атқарып, зияткерлік бейнебақылау жүйесінің көмегімен күдіктілердің жүріп өткен бағытын жедел қалпына келтіріп, олардың жеке басын анықтады.
Қылмыс туралы хабарлама түскен бойда Жедел басқару орталығының қызметкерлері күдіктілердің ықтимал қозғалыс бағыты бойынша орнатылған бейнебақылау камераларындағы жазбаларды талдауға дереу кірісті. ЖБО операторлары мен полицияның жедел бөлімшелерінің үйлесімді жұмысының нәтижесінде қысқа мерзім ішінде қарақшылық шабуылға қатысы бар екі адамның да жеке басы анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында күдіктілер ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды.
«Аталған дерек бойынша полиция қызметкерлері қарақшылық шабуыл фактісі бойынша қылмыстық істі тергеп жатыр. Оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті зерттеуге бағытталған қажетті тергеу әрекеттерінің кешені жүргізілуде», – деп хабарлайды полиция.
