Астанада Алматы қаласы әкімінің бұрынғы орынбасары Ержан Бабақұмаровты өлтіру ісі бойынша сот үкімі кесілді. Бұл туралы QazaqToday.info ақпараттық порталы хабарлайды.
Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты айыпталушыны кінәлі деп таныды. Сот үкіміне сәйкес, оған 11 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Бұл туралы Астана қалалық сотының баспасөз қызметі хабарлады.
Үкім 2026 жылғы 20 ақпанда шығарылып, заңды күшіне енген. Негізгі сот талқылауы жабық режимде өткендіктен, іс бойынша қосымша мәліметтер жарияланбайды.
Еске сала кетсек, қайғылы оқиға 2025 жылғы 30 қазанға қараған түні болған. Сол түні Ержан Бабақұмаров таныстарының ортасында болған. Таныстар арасында кикілжің туып, арты төбелеске ұласқан. Сол кезде жарақат алған экс-шенеунік мерт болған. Оның мезгілсіз қазасы қоғамда үлкен резонанс тудырды.
Марқұм Ержан Бабақұмаров 2022 жылға дейін бірқатар мемлекеттік және жауапты қызмет атқарды. Ол Қазақстан даму институтының Саяси зерттеулер орталығында, Алматы қаласы әкімінің аппаратында, ҚР Президенті Әкімшілігінде, ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігінде, ҚР Премьер-Министрінің Кеңсесінде, сондай-ақ ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде еңбек етті.
Сонымен қатар 2019 жылғы сәуір–шілде аралығында ҚР Президентінің кеңесшісі болды. Ал 2019 жылғы шілдеден 2022 жылғы ақпанға дейін Алматы қаласы әкімінің орынбасары қызметін атқарды. Кейін 2022 жылы ҚР Президенті жанындағы «Орталық коммуникациялар қызметі» РММ директоры болды.
