Астана тұрғындары қаланың барлық ауданын басқан төзгісіз кәріз иісіне жаппай шағымдануда. Әсіресе, жағымсыз иіс түнде күшейеді, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Елорданың Экспо, Мәңгілік Ел аудандарынан бастап, Есіл жағалауы мен Сарыарқа ауданына дейінгі тұрғындар түнде кәрізден шығатын сасық иістен маза таппай отыр. Тұрғындардың шағымына байланысты «Астана су арнасы» мекемесінің мамандары арнайы газ талдағыш құрылғылармен тексеру жүргізді.
Алайда компания мамандары ауа құрамынан күкіртсутектің (сероводород) мөлшерін анықтамады.
«Су бұру жүйелері штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Тексеру кезінде ешқандай жағымсыз иіс болған жоқ», — деп мәлімдеді компания өкілдері.
Ал қала тұрғындары тексерістің күндіз жүргізілгенін айтады. Олардың сөзінше, жағымсыз иістің шарықтау шегі таңғы сағат 4-тер шамасында, яғни түнде байқалады. «Астана су арнасы» жағдайды бақылауды жалғастыратынын жеткізді.
Фото: Әлеуметтік желіден
