Абай облысында өздерін «құлдықта» ұстап отырғанын айтып видеоүндеу жариялаған ер адам мен әйелдің ісіне қатысты жаңа деректер шықты, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Әлеуметтік желіде тараған видеода Аягөз қаласында тұратын ер адам мен әйел мал бағумен айналысатынын, бірақ өмір сүру жағдайларының өте нашар екенін жеткізген. Олар көмек сұрап, ұзақ уақыт бойы қорлық көріп, тәуелді жағдайда өмір сүріп жатқанын айтқан.
Видеода ер адам негізгі тұрмыстық жағдайдан және адамгершілік қарым-қатынастан жұрдай екенін айтып шағымданады.
«Бізді мұнда құл сияқты ұстайды. Дұрыс жуынып, киімімізді жуып, тамақ іше алмаймыз. Таңнан кешке дейін мал соңында жүреміз. Бізді үнемі қорлап, қорқытады», — дейді ол.
Оның айтуынша, ол бұл жерде тоғыз жылға жуық уақыт тұрып жатыр және осы уақыт ішінде үнемі қысым мен қорлықтан шаршаған.
Видеоүндеу жарияланғаннан кейін Абай облысының полиция департаменті қызметкерлері үндеуде айтылған мән-жайларды тексеруге кірісті. Тәртіп сақшылары видеодағы екі адамды да – 37 жастағы әйел мен 46 жастағы ер адамнан жауап алды.
Тексеріс қорытындысы бойынша полиция департаменті оларды күштеп ұстау туралы деректің расталмағанын хабарлады.
«Тексеру барысында ер адам мен әйелден жауап алынды. Олар видеода айтылған мән-жайды түсіндірді. Оларды күштеп ұстау фактісі расталмады», — деп хабарлады ведомствоның баспасөз қызметі.
Полицияның нақтылауынша, ер адам мен әйел бөлек үйде тұрған. Сонымен қатар, бұрын оларға қатысты қамқоршылық рәсімделгені анықталды. Департаменттің түсіндіруінше, қамқоршылық екеуін де әрекетке қабілетсіз деп таныған сот шешімдерінің негізінде тағайындалған.
Тексеріс нәтижесі бойынша ер адам мен әйелді арнайы мекемеге жіберу туралы шешім қабылданды. Полиция бұл шара олардың жағдайы мен құқықтық мәртебесін ескере отырып жасалғанын атап өтті.
Полицияның ресми мәлімдемесіне қарамастан, бұл оқиға қоғамда үлкен талқыға түсіп, қамқорлықтағы адамдардың өмір сүру жағдайын бақылау және әлеуметтік қорғау мәселелерін қайта көтерді.
Фото: Әлеуметтік желіден
