Түркістан облысында дәрігерлер 8 айлық сәбидің құрсағынан ине алып шықты. Бастапқыда қызылша деген күдікпен ауруханаға жеткізілген нәрестенің қатты мазасыздануына мүлде басқа жағдай себеп болған, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Сәбидің дене қызуы көтеріліп, жылай берген соң ата-анасы жедел жәрдем шақырған. Дәрігерлер алдымен қызылша деп болжам жасаған. Алайда рентгенге түсіргенде, баланың құрсақ қуысында, дәлірек айтқанда бауыр тұсында бөгде зат тұрғаны анықталды.
Тексеріс барысында ине асқазан арқылы емес, сырттан кіргені белгілі болды. Бұл жағдай дәрігерлерді де таңғалдырған.
Хирургтар дереу шұғыл ота жасап, инені сәтті алып шықты. Қазір нәрестенің жағдайы бірқалыпты, ол мамандардың бақылауында.
«Ата-аналарға үнемі ескертеміз: балалардың жанында ұсақ-түйек, өткір заттарды қалдырмаңыздар. Мұндай немқұрайдылықтың соңы қайғылы аяқталуы мүмкін», — дейді дәрігерлер.
Фото: Әлеуметтік желіден
