OpenAI компаниясы ChatGPT нейрожелісіне қолданушының жасын анықтайтын жаңа функция енгізді. Бұл жүйе кәмелетке толмағандар үшін контентке автоматты түрде күшейтілген сүзгілер қояды, деп хабарлайды Qazaqtoday ақпарат агенттігі.
Енді ChatGPT қолданушының мінез-құлқына талдау жасайды. Ол аккаунттың тіркелген уақыты, белсенділік кезеңі, қолдану стиліндегі өзгерістер, тіркелу кезінде көрсетілген жас және басқа да белгілер арқылы жасты болжайды.
Егер жүйе қолданушының 18-ге толмағанын анықтаса, нейрожелі күшейтілген сүзгілерді автоматты түрде іске қосады. Шектеу зорлық-зомбылық, қауіпті челлендждер, романтика мен эротика, денеге зиян келтіру, зиянды диеталарды насихаттау, сондай-ақ сыртқы келбеттің қатаң стандарттары мен бодишеймингке қатысты контентке қолданылады.
«Егер сәл ғана күмән туындаса, қолжетімділік бірден шектеледі. Яғни, деректер толық болмаса немесе бір-біріне қайшы келсе, нейрожелі әдепкі бойынша қолданушыны жасөспірім деп санайды», — делінген OpenAI хабарламасында.
Ал егер жүйе ересек адамды кәмелетке толмағандар қатарына қателесіп қосса, жасты Persona жеке басты верификациялау сервисі арқылы фотосуретпен растауға болады. Компания өкілдері тексерудің көп уақыт алмайтынына уәде беріп отыр.
Жасты болжау жүйесі – нейрожелінің «ересектерге арналған режимін» іске қосуға дайындықтың бір бөлігі. Айта кетейік, жақында Илон Маск OpenAI негізін қалаушы Сэм Альтманды «мені алдады» деп сотқа берген болатын.
Фото: Freepik
