Фото: instagram.com/qais_arr
Қаржылық мониторинг агенттігі блогер Қайсар Қамзаға халықаралық іздеу жариялады, деп хабарлайды Qazaqtoday.info ақпарат порталы.
Ведомство мәліметінше, күдіктіге қатысты қамауда ұстау түріндегі бұлтартпау шарасы санкцияланған. Ол заңсыз ойын бизнесін ұйымдастыруға және насихаттауға қатысы бар деген күдікке ілінген.
Қаржылық мониторинг агенттігінің хабарлауынша, блогер соңғы бес жыл бойы Instagram желісінде qais_arr атауымен белсенді контент жүргізіп, 2,4 миллионнан астам жазылушы жинаған. Сонымен қатар Telegram мессенджеріндегі «Қора энтертейнмэнт» атты жабық арнаны басқарған. Аталған арнаның аудиториясы 368 мың адамға жеткен.
Күдікті әлеуметтік желілердегі жеке парақшаларын пайдалана отырып, Қазақстан азаматтарын «Pinco» интернет-сайтында тіркелуге және құмар ойындарға қатысуға үндейтін сілтемелерді, бейнематериалдарды, графикалық элементтерді жүйелі түрде жариялап отырған. Сондай-ақ әрбір жарияланымда пайдаланушыларға бонус беретін жеке промокодын көрсеткен.
Тергеу дерегінше, Қайсар Қамза аталған онлайн ойын платформасын жарнамалау арқылы сыйақылар, бонустар және пайыздық аударымдар түрінде табыс тапқан.
Заңсыз алынған кірістерді жасыру мақсатында ол криптовалюта әмиянын пайдаланған. Криптоәмиянға «Pinco» интернет-казиносының ұйымдастырушыларынан тұрақты түрде төлемдер түсіп отырған. Сот санкциясына сәйкес, күдіктінің жалпы сомасы 182 736,741 USDT (шамамен 182 мың АҚШ доллары) болатын криптоактивтеріне тыйым салынды.
