«Хартстағы» болашағы күмәнді»: Ресейлік сарапшы қазақ футболшысына сенімсіздік танытты

Фото: ҚФФ

Ресейлік спорт сарапшысы Никита Васюхин Қазақстан құрамасының вингері Ислам Чесноковтың Шотландиядағы Хартс клубындағы келешегіне сақтықпен қарайтынын айтты, деп жазады Qazaqtoday.info ақпарат порталы. 

Васюхиннің сөзінше, шотландиялық талдаушылар Чесноковтың статистикалық деректерін, әсіресе possession value added секілді метрикалар бойынша Қазақстан чемпионатындағы өткен маусымдағы көрсеткіштерін жоғары бағалап отыр. Алайда сарапшы бұл нәтижелерді мүлде басқа деңгейдегі біріншілікке оңай бейімдеу мүмкін емес екенін атап өтті.

«Қазақстан мен Шотландия чемпионаттарының арасы айтарлықтай алшақ — шамамен 170 ЭЛО ұпай айырмашылығы бар. Мұндай жағдайда жасы аса жас емес футболшы үшін ойын қарқыны жоғары, матчтар тығыз әрі қарсыластар сапасы мықты лигада бұрынғы тиімділікті сақтау қиын», — деді ол.

Сонымен қатар сарапшы Чесноковтың ұлттық құрама сапында мықты қарсыластарға қарсы кездесулерде сенімді ойын көрсете алмағанын және еурокубоктік матчтарда айқын әсер қалдырмағанын да тілге тиек етті.

Айта кетейік, Чесноков Данди командасына қарсы өткен ойында (1:0) «Хартстың» матчтық өтініміне енгенімен, алаңға шыққан жоқ.

Клубтың миноритарлық акционері — Тони Блум. Ол ағылшынның Брайтон энд Хоув Альбион және бельгиялық Юнион Сент-Жиллуаз командаларының иесі. Аталған клубтарда футболшыларды іріктеумен бір ортақ скауттық жүйе айналысады.

Еске сала кетейік, Ислам Чесноков «Хартспен» 2028 жылдың жазына дейін келісімшартқа қол қойған. Ол клуб тарихындағы әрі Шотландия чемпионатындағы алғашқы қазақстандық футболшы атанып, жаңа командасында 99-нөмірмен өнер көрсетеді.

Мақаланы бағалаңыз 👇

Яндекс.Метрика